00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астаналық мектепте «Міржақыптану» сабағы өткізіледі

26 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астаналық мектепте «Міржақыптану» сабағы өткізіледі
фото: Elordainfo

«Elorda Aqparat» медиакомпаниясының «Мектеп және медиасауаттылық» атты жобасы аясындағы кездесулер Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназияда жалғасын тапты, деп хабарлады Elorda.info.

Оқу орнының сырт келбеті ғана көрікті емес, іші балалардың білімі мен шығармашылығын дамытуға арналған залдар мен орталықтарға толы екеніне куә болдық. Осындай білім ошағындағы оқушылардың кездесу барысындағы белсенділігі  де жоғары болды.

миржакып 1.jpg

Мектеп директоры Лаура Сарсембекова  2011 ашылған оқу ғимаратының жаңа залдарын аралатып көрсетті. Бүгінде 2594 бала екі ауысымда таза қазақ тілінде білім алатын мектеп-гимназияда олардың рухани дамуына ерекше көңіл бөлінетіні бірден аңғарылады. Мектепке 2020 жылы Алаш қайраткері М. Дулатұлы есімі берілгеннен кейін мұнда Міржақып мәдени-ақпараттық орталығы ашылды. Бұл орталықта Қазақстанның картасы қабырғаға арнайы салынып, оған Міржақыптың жүріп өткен жолдары, Алаш зиялыларының ішінде кіммен қандай байланыста болғаны, еңбектері бедерленген. Картаны QR код арқылы сөйлеткенде ақын туралы барлық деректермен танысуға болады. Сонымен қатар орталықтың екінші қабырғасындағы сәнді сөрелерге оның барлық кітаптары мен ол туралы жазылған еңбектер қойылған. Бұл жерде мектеп оқушыларына «Міржақыптану» сабағы өткізіледі.

миржакып 3.jpg

Мектепте сондай-ақ 2018 жылы ашылған «Алаш жолы» музейі бар. Бұл тарихи-субъективті музейге қойылған дүниелер қолдан жасалған, музей тарихи 4 кезеңді қамтитын бөлімдерден тұрады. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасының элементі ретінде жаңа кітапхана жасақталып жатыр. Үшінші қабаттағы дәліздер «Ұлттық құндылықтар» мекені деп аталады. Мұнда оқушылардың қатысуымен ұлт аспаптық ансамбльге арналған бұрыш, Қазақ үй, үзіліс кезінде демалуға арналған жайлы аймақтар, дебат залдары бар.  

 Мәжіліс залындағы жиынға болашақта тіл маманы, журналист боламын деген оқушылар жиналып, олар келген қонақтарға журналистикаға қатысты көкейдегі сұрақтарын қойды. Кеш қонақтарын бастап келген «Elorda Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Рауан Сәбитұлы оқушыларға ақпарат деген не, оны қалай іздеу керек, әр адамның медиасауаттылыққа дұрыс назар аударуы, әлеуметтік желілерден ақпарат алып, оны пайдалану сияқты балаларға қызықты сұрақтарға тұшымды жауап берді. 

миржакып 2.jpg

Шығармашылыққа бейімі бар балаларды осы бастан баулып, газеттерге мақалаларын жариялауға, жалпы өздеріңізбен байланыс орнатуға келдік. Дарынды балалардың талантын ұштап, қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз, - деді Р. Сәбитұлы. 

Сонымен қатар кездесуге келген «Astana aqshamy» газетінің тілшілері – Амангелді Қалжан, Райхан Рахметова және Индира Бержанова журналистикадағы өз тәжірибесімен бөлісті. Жылы жүздесу соңында журналистер қауымы жастарды медиахолдинг ұйымдастырып жатқан «Ел жүрегі- елорда» атты оқушылар арасындағы шығармашылық байқауына қатысуға шақырды. 

Райхан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ