Елордаға 11 елдің цирк өнерпаздары келді
Астананың 25 жылдығы аясында қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен елордалық циркте Орталық Азиядағы жыл сайынғы XIV халықаралық «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестивалі басталды, деп хабарлады Elorda.info.
Дәстүрлі фестиваль елімізде алғаш рет 2007 жылы ұйымдастырылды. Ол 14 жыл ішінде елорда тұрғындары мен қонақтары арасында танымалдылыққа ие болды. Елордалық цирк режиссері Әйгерім Тілегенованың сөзінше, жалпы фестивальде 23 номер көрсетіледі.
Осымен 14-ші рет өтіп отырған фестиваль А және Б бағдарламасына бөлінеді. Бүгін көрермендерге А бағдарламасын ұсынып отырмыз. Жалпы 23 номер көрсетіледі, оған қоса сайқымазақтар өз шеберлігін көрсететін болады. Фестивальдегі әрбір қойылым ерекше. Солардың ішінде жолбарыс пен пілдің қатысумен аттракцион болады. Ол да үздік номерлердің бірі. Сол себепті барлық елордалықтарды цирк тамашалауға шақырамыз, - деді цирк режиссері.
Цирктің ашылу салтанатында көрермендерге ұлттық нақыштағы қойылым ұсынылды. Цирк манежін айнала жігіттер домбырамын күй тартса, ортада көрермендер бүркітті тамашалады.
Фестивальде алғашқы болып Тәжікстаннан келген 2 өнерпаз «Созвездие близницов» қойылымын ұсынды. Қойылымдар арасында елордалық және өзге елдерден келген сайқымазақтар көрермендерді таң қалдырды.
Төрт күнге ұласатын фестивальде әлемнің көптеген елдерінен келген өнерпаздар үздік қойылымдарын ұсынады.
Атап айтқанда, цирк манежінде АҚШ, Франция, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Венгрия, Қытай, Болгария, Израиль, Якутия, Германия, Тәжікстан елдерінен келген және отандық цирк әртістері А және Б бағдарламасында өз өнерлерін көрсетеді.
Цирк индустриясындағы кәсіби мәдениет қайраткерлері қатысушылардың өнерлерін бағалайды.
Айта кетейік, фестивалдің соңғы күні, яғни 13 тамыз күні гала шоу және марапаттау рәсімі өтеді.
Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ