Жылдар бойы пайдаланылмаған: Балқаш жағалауындағы туристік орын үшін берілген жер телімі мемлекетке қайтарылды
Мемлекет басшысының өңірдің туристік кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ҚР АШМ-нің Қарағанды облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті бұрын беріліп, бірақ әлі күнге дейін игерілмеген жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Жер ресурстарын басқару комитетіне сілтеме жасап.
Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Торанғалық ауылында орналасқан, аумағы 0,5 гектарды құрайтын, демалыс аймағын абаттандыру және туристік қызметтер көрсету үшін берілген, бірақ көптеген жылдар бойы пайдаланылмаған жер телімі анықталды. Кәсіпкерге жерді игеру туралы нұсқама берілді.
«Нұсқаманың орындалмауына байланысты департамент кәсіпкерге айыппұл салып, жер учаскесін мәжбүрлі түрде алып қою туралы талаппен сотқа жүгінді», - делінген хабарламада.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ЖРБД талаптарын толық қанағаттандырып, жер телімін мәжбүрлеп алып қою және оны кейіннен сауда-саттыққа (аукционға) қою туралы шешім қабылдады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін БҚО-да шаруа қожалықтары жер телімдерін мақсатсыз пайдаланғаны туралы жаздық.