БЖЗҚ Әлеуметтік кодекстің талаптарына сәйкес жыл сайын келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында алдағы жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) орналастыру туралы міндетін орындай отырып, 2026 жылға арналған ТЖШ туралы мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Естеріңізге сала кетейік, ТЖШ – бұл салымшыны ай сайынғы зейнетақының ең төменгі мөлшерінен төмен емес мөлшерде қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған). Бұл ағымдағы және болжамды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, ең төменгі зейнетақы мөлшеріне, ең төменгі жалақыға, ең төменгі күнкөріс деңгейіне, сондай-ақ инфляция мен инвестициялық кірістілікке сүйене отырып есептелетін зейнетақы жинақтарының бағалау сомасы. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі – салымшы зейнеткерлік жасқа жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін (ең төменгі базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) алуы үшін шотта қалуға тиіс ең төменгі көрсеткіш.
ТЖШ есептеу зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне (ҚР Үкіметінің 30.06.2023 №521 қаулысымен бекітілген) сәйкес жүргізіледі.
Әдістемеге сәйкес, 2026 жылғы ТЖШ есептеу кезінде Қазақстан Республикасының «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңында айқындалған 2026 жылға арналған келесі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер пайдаланылды:
- ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге;
- зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге;
- ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге.
Нәтижесінде 2026 жылы ТЖШ мөлшері орта есеппен 10%-ға өсті, бұл жалпы инфляцияның ағымдағы және болжамды мәндеріне сәйкес келеді.
Айта кетейік, ТЖШ қатысты бейне түсініктеме – БЖЗҚ/ЕНПФ ">YouTube арнасында.
Бұған дейін еnpf-otbasy.kz платформасы арқылы офтальмологиялық қызметтерге өтінім қабылдау тоқтатылғанын айтқан болатынбыз.