«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Отбасы банк» АҚ біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге арналған өтінімдерді enpf-otbasy.kz платформасы 2025 жылдың 4-ші желтоқсанынан бастап қабылдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осы күнге дейін жіберілген барлық өтінімдер жұмысқа қабылданып, белгіленген тәртіппен қаралады.
Өтінім қабылдауды тоқтату – Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерімен байланысты. Желтоқсанның үші күні тиісті бұйрық жарияланды. Жаңа ережелерге сәйкес, зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді.
Қазіргі уақытта банкте «офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15808 өтінім бар. Оның ішінде:
• 5131 өтінім (4,6 млрд теңге) бойынша банк мамандары құжаттарды тексеріп жатыр;
• 10 677 өтінім (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжат сұралуда.
Стоматология бойынша өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артты.
15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге, яғни 1 264 өтінімге дейін өсті.
Сонымен қатар, банк бірқатар күмәнді жағдайларды анықтады. Әртүрлі клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиника әр қалада орналасқан түрлі мекенжайлармен көрсетілген. Тексеру барысында бұл мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені белгілі болды.
Бірқатар бағыттар тоқтатылғанына қарамастан, азаматтар БЖЗҚ артық қаражатты әлі де маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады. Атап айтқанда:
• орфандық (сирек) ауруларды емдеу;
• реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
• радионуклидті және радио-йод терапия;
• радиохирургиялық ем;
• протондық терапия.
Айта кету керек, стоматология мен офтальмология — БЗҚ пайдалануға болатын медициналық қызметтердің тек шағын бөлігі ғана. Бағдарлама жалпы жұмысын жалғастырып, мыңдаған азаматқа денсаулыққа қатысты маңызды мәселелерін шешуге көмектесіп келеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін министрліктің біржолғы зейнетақы төлемдерін тіс емдетуге қолдануға тыйым салғанын жаздық.