Жаңа Ата заң: Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын конституциялық заңмен айқындау ұсынылды
Жаңа Ата заңның жобасында Қазақстанның мемлекеттік ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның кезекті отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Конституциялық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол Конституцияның жобасын таныстырды және аталған ережелер «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімге енгізілгенін атап өтті.
«Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика деп тұжырымдалды. Осылайша бұрын бірқатар ғалым мен мамандардың басқару нысанын нақтылау қажеттігі туралы ұсынысы жүзеге асты», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Бұл ретте Комиссия мүшесінің айтуынша, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылған.
«Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Сонымен бірге, спикер комиссияның кешегі отырысында егемендіктің иесі – халық екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс жасалғанын еске салды.
«Бұл идея Конституция мәтінінде көрініс тапты. 4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы, деп шегеленіп жазылды», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, Конституция мәтінінде «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертілді. Бұдан бөлек, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді, деген норма тұжырымдалды.
Еске салсақ, Жаңа Конституция қанша бөлім және баптардан тұратыны белгілі болды.