Жамбыл облысында TikTok-та балағат сөз айтқан әйел психикалық орталыққа жатқызылды
Жамбыл облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир кезінде бірнеше рет балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған әйел психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, TikTok-та «Золотая женщина» лақап атымен танылған Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны Лайло Қасымова тікелей эфирлер барысында бірнеше мәрте бейәдеп сөздер қолданған.
«Оған бірнеше рет ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, әйел мұндай әрекеттерін тоқтатпаған. Сондай-ақ ол тікелей эфирлерде өзінің кәмелетке толмаған балаларына қатысты да балағат сөздер айтқан», – делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, оқиғаға байланысты қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен басқа да тиісті қызметтердің қатысуымен балалардың тұру және тәрбиелену жағдайына тексеру жүргізілген. Қазір балалар әкесінің қарауына берілген.
Жедел медициналық жәрдем қызметі тексергеннен кейін Лайло Қасымова ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылған.
Еске салайық, бұған дейін TikTok тікелей эфиріндегі былапыт сөздері үшін жамбылдық әйелге айыппұл салынған болатын.