Усть-Лугадағы жағдай: Үш қазақстандыққа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр
Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының Усть-Лугадағы вахталық лагеріндегі жағдайға түсініктеме берді , деп хабарлайды Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
28 наурызда Бас консулдық қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін қазақстандықтармен, оның ішінде тұрмыстық жанжал нәтижесінде ұсталған азаматтармен кездесті.
Мекеменің мәліметінше, аталған кентте шамамен 15 мың адам тұрады, олардың барлығы Ресейдің ірі экспорттық порттын салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымдардың вахталық қызметкерлері.
Мәлім болғандай, бастапқыда тәртіпсіздіктерге бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдің 30-дан астам азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылды.
«Бірқатар тұлғаға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімдері қабылданды. Тағы үш ҚР азаматына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж тұлға жоқ. Барлық Қазақстан азаматына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде», делінген хабарламада.
Бас консулдықтың мәлімдеуінше, вахталық кенттің өзінде компания қызметкерлері (қазақстандық жұмысшылар мен учаске бригадирлері), Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания мен күзет агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өткен. Кездесуде орын алған жағдай сындарлы түрде талқыланып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылды.
«Қазіргі уақытта вахталық кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу іс-шаралары жалғасуда, оның қорытындысы бойынша жанжалға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, GRECO отырысында Қазақстанның жемқорлыққа қарсы жүйені дамыту жұмыстары баяндалды.