Үш жасар баласын ұрып-соққан жетісулық қамауға алынды
Жетісу облысында кішкене баласын ұрып-соққан тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицияға кеше кешке медициналық мекемеге үш жасар баланың дене жарақатымен жеткізілгені хабарланған. Тәртіп сақшылары оның әкесін үйінде мас күйінде жатқан жерінде ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
«Қазіргі уақытта анасы баласымен бірге медициналық мекемеде жатыр, жәбірленуші балаға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Аталған іске қатысты «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», делінген хабарламада.
Департаменттің мәлімдеуінше, қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын объективті анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, Ішкі істер министрлігінде әлеуметтік желіде жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы хабарламаның таралуы артқанын мәлімдеді.