Үкіметте еліміздегі порттар, әуежайлар мен вокзалдарды жаңғырту бойынша тапсырма берілді
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көлік-логистика саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Көлік-логистикалық тораптарды салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша міндеттер шешімін табуда. Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалды.
Көлік министрлігі, әкімдіктер мен компаниялар бекітілген іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз етсін, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қоса, Ішкі істер министрлігіне цифрлық технологияларды қолдана отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын күшейту, Оқу-ағарту министрлігіне жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізуді жалғастыру тапсырылды.
Еске салайық, бұдан бұрын Олжас Бектенов туризмді дамыту тұжырымдамасын түзетуді тапсырғанын жаздық.