Олжас Бектенов туризмді дамыту тұжырымдамасын түзетуді тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-министр салалық ведомстволар алдына Президенттің бағдарламалық сұхбатының қорытындысы бойынша міндеттер қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Президент атап өткендей, туризм саласы экономиканың бірнеше секторын қамтиды, сондықтан барлық тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын үйлестіру қажет. Бұл ретте, әр өңірде өзінің туризмді дамыту бағдарламалары бар», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Туризм және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге бір ай мерзімде нақты іс-шаралар жоспарын ұсына отырып, 2029 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасын толықтырып, түзетуі қажет. Оған қосымша Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, туризм саласындағы кадрлық мәселелерді шешу үшін қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.
Бұған дейін Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы министрлігіне нақты шаралар қабылдауы үшін бір апта уақыт берген болатын.