Бектенов ауыл шаруашылығы министрлігіне нақты шаралар қабылдауы үшін бір апта уақыт берді
Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өткеніне назар аударды. Президент мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына бір апта ішінде ет өндірісі мен экспортының көлемін арттыру жөніндегі нақты шаралармен бірге, мал шаруашылығын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізу міндеті қойылды. Сондай-ақ шаруаларға жеңілдетілген несие беру тетігін кеңейту тапсырылды.
«Егіншілерді тікелей субсидиялау орнына жеңілдетілген несие беру тетігі өзінің тиімділігін көрсеткенін айта кету керек. Министрлік «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, осыған ұқсас ауыл шаруашылығын қолдау құралдарының аясын кеңейтуді жалғастыруға тиіс», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұған дейін Премьер-министр Президенттің Үкімет алдына қазіргі экономикалық даму нәтижелерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар ұзақ мерзімді нәтижеге баса мән бере отырып, даму қарқынын арттыру міндетін қойғанын айтқан болатын.