ҰБТ-2026: Астана талапкерлеріне арналған маңызды ақпарат

Бүгін, 17:37
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
ҰБТ-2026: Астана талапкерлеріне арналған маңызды ақпарат
Фото: Астана қаласы әкімдігі

2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгеріссіз қалады. Ұлттық тестілеу орталығы қаңтар айындағы тестілеу кезеңінің қорытындыларын, негізгі өзгерістерді және наурыз айындағы ҰБТ туралы ақпаратты ұсынды. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова негізгі өзгерістер, қаңтар айындағы кезеңнің статистикасы және наурыз айындағы ҰБТ туралы мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

ҰБТ жылына бес рет өтеді. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін тестілеу – ақылы негізде оқуға түсуге арналған. Ал мамыр-шілде айларында өтетін негізгі ҰБТ-ны талапкерлер екі рет тапсыра алады. Олар білім гранты конкурсына қатысу немесе ақылы бөлімге түсу үшін екі сертификаттың бірін таңдау құқығына ие. 

«ҰБТ құрылымы бұрынғы қалпында қалады. Талапкерлер үш міндетті пән мен екі бейіндік пәнді таңдау бойынша тапсырады. Жалпы тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары 140 балды құрайды.

Шекті балл да өзгерген жоқ: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты үшін кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» саласына кемінде 50 балл. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына 50 балл жинау талап етіледі», – дейді спикер.

Биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге мамандық пен білім беру бағдарламасын таңдауға көмектесетін edunavigator.kz кәсіби бағдарлау платформасын іске қосты. Платформа болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік беріп, жоғары оқу орындарына түсу кезінде сенімділікті арттырады.

Дайындық сапасын арттыру мақсатында сынақ тесттері енгізілді. Ресми сайтта талапкерлерге арналған көмекші материалдар жарияланған. Олар ұсынылатын әдебиеттер тізімі, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 негізгі тарихи датаның тізімі, «Информатика» пәні бойынша терминдер тізімі, «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша міндетті әдеби шығармалардың тізбесі ұсынылған.

Тестілеу кезінде талапкерлерге калькулятор, химиялық элементтердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады.

«Тестілеу ұзақтығы – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Әр талапкерге тапсырмаларды таңбалау жүйесі арқылы жеке нұсқа ұсынылады. Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады», – дейді Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары.

Қаңтар айындағы ҰБТ 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтті. Елордада шамамен 15,2 мың талапкер тест тапсырды. Талапкерлердің 63%-ы қазақ тілінде, 37%-ы орыс тілінде, 37 оқушы ағылшын тілін таңдады.

Астанада шекті балды 75% талапкер еңсерді. Орташа нәтиже – 66 балл, ең жоғары нәтиже – 138 балл. Тестілеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 46 талапкер қатысты.

Емтихан барысында 37 ереже бұзушылық анықталған. 26 талапкер тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуден шеттетілген. Тағы 11 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ. Бейнежазбаларды талдау 31 қазанға дейін жалғасады. Ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылуы мүмкін.

Наурыз айында өтетін тестілеуге өтініш қабылдау 15-25 ақпан аралығында жүргізілді. Емтихан 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Астанада шамамен 17 мың талапкер, республика бойынша 182 мыңнан астам талапкер қатысады деп жоспарланып отыр. Өтініш беру барысында қатысушылар тест тапсыратын орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды.

Еске салсақ, астаналық оқушылар ерекше акция ұйымдастырды.