Түркістан облысында 583 млн теңге жымқырған аудандық білім бөлімінің 14 қызметкері сотталды
Бәйдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыруына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеуді агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізді.
Басшылар, бухгалтерлер және экономистер секілді 18 лауазымды тұлға жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджет өтінімін негізсіз ұлғайту арқылы ауданның 49 мектебінде қаражат жымқыру схемасын ұйымдастырған.
«Төлем тізімі мен есеп парақтарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар алынған немесе жалақы мен үстемеақының көлемі негізсіз өсірілген. Операцияларға заңды сипат беру үшін қызметтік жазба, бұйрық, есеп және жұмыс уақытының табелі сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Құжаттың бір бөлігі төлем жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделіп немесе есепке сәйкестендіру үшін түзетілген», делінген хабарламада.
Қаражат қызметкерлердің туыстары мен таныстарының банк шотына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлеске сәйкес қатысушылар арасында бөлінген. Нәтижесінде мемлекетке 583 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Тергеу барысында күдіктілер шығынды толық өтеді. Сот 14 адамды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енді.
Еске сала кетсек, Абай облысында жемқорлық үшін сотталған экс-әкім Құрметті азамат атағынан айырылды.