«Таза Қазақстан»: 86 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Бүгін, 11:49
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Таза Қазақстан»: 86 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Фото: freepik.com

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері қоршаған ортаны қорғауға бағытталған рейдтік жұмыстарды күшейтіп, ондаған мың құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Акция басталғалы бері 86 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелген. Олардың басым бөлігі қоқысты рұқсат етілмеген орындарға тастау, ағынды суларды заңсыз төгу және қоршаған ортаны ластауға қатысты өзге де әрекеттер. 

Жүргізілген рейдтер нәтижесінде 485 жүк көлігі мен 239 ассенизатор жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды.

Тексеру барысында Астана қаласындағы Күлтегін көшесінде ЗИЛ автокөлігінің жүргізушісі қалалық аумаққа сұйықтық төккені анықталды. Аталған дерек бойынша оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.

Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігі және «109» бірыңғай анықтама қызметімен бірлескен рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Сонымен қатар тұрғындарға табиғатты қорғау заңнамасын сақтау қажеттілігі жөнінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Акцияның негізгі мақсаты – елдегі экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаның ластануын болдырмау және азаматтардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.

Айта кетейік, Астанада экоакция барысында «Таза Қазақстан» алып туы жайылған болатын.