Танымал боксшы Василий Левит елордалық оқушылармен кездесті
Бүгін Астанада №35 Нәзір Төреқұлов атындағы мектеп-лицейінде бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 3 дүркін Азия чемпионы, 2 мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері Василий Левит оқушылармен жолықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған шарада Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Василий Левит осы қызметі аясында алғаш рет оқушыларға өзі жайлы мәліметпен бөлісті.

Айта кетейік, №35 Нәзір Төреқұлов атындағы мектеп-лицейінің басшылығы әр ай сайын әр саланың өкілдерін шақырып, 9-11 сынып оқушыларының өмірдегі өз орнын табуға үлесін қосып жүр. Оның үстіне мектеп оқушылары сабақтан тыс уақытта баскетбол, волейбол, каратэ, шахмат сынды үйірмелерге қатысатындықтан, танымал боксшымен тез арада тіл табысып кетті.
Кездесу барысында 37 жастағы Василий Левит жастарға спорттан бөлек, білімнің де маңыздылығын атап өтті.
«Менің анам мұғалім еді. Сондықтан жолым болды деп айта аламын. Бокспен кәсіби түрде айналыссам да, ата-анам үнемі кітап оқуымды қадағалайтын. Тіпті оқу-жаттығу жиындарында да мектеп тапсырмаларын орындайтынмын. Осы үшін қазір үйдегілерге алғысымды айтамын. Спорт - мәңгілік емес. Оның үстіне бокс сынды спортта бір соққы өміріңді өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан қазірден спорт пен білімді қатар алып жүруге тырысыңыздар. Бастысы қоғамда заңды бұзбаңыздар», - деді Василий Левит.

Оқушылар қонақтан әртүрлі сұрақ қойып, 1 сағаттың ішінде әлемдік қандай жұлдыздармен кездескенін, неге боксты таңдағанын, Олимпиададағы даулы финалдық жекпе-жекті де сұрады. Василий Левит барлық сұраққа шынайы жауап берді.
«Бастапқыда жеті жасымда кикбоксингке барған едім. Бірақ кез келген спортшының арманы - Олимпиаданы жеңу болғандықтан, боксқа бет бұрдым. Спорттың арқасында дұрыс тамақтануды, режим сақтауды үйрендім. Қазір де спорт саласында жүрмін. Ең бастысы - дұрыс мақсат қойсаң, алынбайтын қамал болмайды», – деп Василий Левит өткен шағын есіне алды.
Жиында ол Рио Олимпиадасының финалында Евгений Тищенкомен жұдырықтасқанын есіне алмайтындығын айтты.
«Жеке өз басым бұл мәселені жабық деп есептеймін. Тіпті ол жекпе-жекті мүлдем көрген де емеспін. Қоғамда түрлі наразылық туындағанымен, қағаз жүзінде мен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерімін. 10 жыл өтсе де, әлі де еске алып жүргендеріңізге рақметімді айтамын», - деді Василий Левит.
Еске салсақ, 2016 жылы өткен Олимпиадада Василий Левит 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бокстан күміс жүлдегер атанды. Финалдағы жекпе-жекте ресейлік Евгений Тищенкоға жеңісті берген төрешілер шешіміне трибунадағылар қатты наразылық танытты.
Айта кетерлігі, спортшы өз мансабын 2021 жылы Токио Олимпиадасынан кейін аяқтаған еді.
Кездесу соңында Василий Левит оқушылармен естелік суретке түсіп, автограф берді.



