Референдум-2026

Танымал блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жарияланды

Танымал блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жарияланды
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Қаржылық мониторинг агенттігі «Маха.dxb» бүркеншік атымен танымал блогерге халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2000 жылғы 19 ақпанда туған Өзбекстан азаматы Махмуд Умидович Хикматовты сот қамауда ұстауға санкция берді.

Ол «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінді.

«Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылған. Осы жүйе арқылы интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу жолға қойылған. Ол үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сондай-ақ ел азаматтарын құмар ойындарға көптеп тарту мақсатында жарнама таратылған.

Интернет-казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар блогер М. У. Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдар жариялату міндеті жүктелген», делінген хабарламада.

Осы мақсатта М. Хикматов блогерлерден әлеуметтік желідегі парақшасының статистикасын, соның ішінде жазылушылардың демографиялық және географиялық көрсеткішін, сондай-ақ жарияланым қанша адамды қамтитыны туралы мәліметтерді сұратқан. Жарнама ақысы осы деректерге қарай белгіленген.

Ол барлығы 35-тен астам блогерді, оның ішінде блогер Қайсар Қамзаны тартқан. Аудиториясы ауқымды Қ. Қамза интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға әдейі тартқан. Ол пайдаланушылардың әрбір өтуі үшін сыйақы алып отырған.

Еске салайық, Қайсар Қамза 6 тамызда Вьетнамнан экстрадицияланды.

«Іздеудегі адамның қайда жүргені туралы қандай да бір мәлімет білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 — кезекші бөлім. Сыйақы төленетініне және хабар берген адамның аты-жөні құпия сақталатынына кепілдік беріледі», делінген хабарламада.