Референдум-2026

Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды

Бүгін, 09:46
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды
Фото: видеодан скриншот/Бас прокуратура

ҚР Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден Қазақстан Республикасының азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Тергеп-тексеру органының нұсқасы бойынша 2025 жылғы қаңтарда ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ауқымды аудиторияны пайдалана отырып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казино жарнамасын орналастырған және Қазақстан азаматтарын құмар ойындарына қатысуға тартқан.

Интернет-казиноны насихаттағаны үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ доллары түскен.

Жалпы, қылмыстық топтың қатысушылары 2021 жылдан бастап 2025 жылды қоса есептеген мерзімде Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген.

Осы орайда, қылмыстық топтың 9 сыбайлас қатысушысы қамауға алынғанын, ал қалғандарын, оның ішінде жоғарыда аталған күдіктіге де халықаралық іздестіру жарияланғанын атап өткен жөн.

Ағымдағы жылғы маусым айында Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сауалы бойынша ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды.

«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында күзетпен қамауға алынды», - делінген хабарламада. 

Күдіктіге тағылып отырған айып бойынша оған сол әрекеттi жасағаны үшiн мүлкi тәркiленiп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген.

Еске салайық, бұған дейін халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталғаны туралы жаздық.