Тамара Ширмер: Қазақстанның жас ұрпағы бірлік құндылықтарын бойына сіңіріп келеді

Бүгін, 09:06
Думан Аманжол Думан Аманжол
Тамара Ширмер: Қазақстанның жас ұрпағы бірлік құндылықтарын бойына сіңіріп келеді
Фото: Тамара Ширмер жеке мұрағатынан

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі ұлты мен дініне қарамастан барлық қазақстандықтың бірлігі мен жасампаздығының символына айналды. Бұл туралы Астана қаласындағы «Оберег» украиндар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тамара Ширмер айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

Оның айтуынша, бірлік пен келісімнің арқасында біз тәуелсіз мемлекет құру жолында үлкен жетістіктерге жетіп, әлемде жоғары бедел мен мойындауға ие болдық.

«Біздің тәжірибеміз, күш-жігеріміз және әрдайым бірге, тату әрі ұйымшыл болуға деген ұмтылысымыз – жаһандық қоғамда тұрақтылық пен дамудың басты жолы екені анық. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы бала кезінен бастап бірлік, төзімділік, өзара құрмет пен жасампаздық құндылықтарын бойына сіңіріп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты бірегей институттың арқасында біз ата-бабаларымыздың құндылықтарын сақтап, рухани әрі ғылыми тұрғыдан дамып, қайырымдылық жасап, тәлімгер болуға мүмкіндік алып отырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл әрқайсымыз, күн сайын қатар жүріп еңбек етіп, достықты нығайтып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын асыл құндылықтарды сақтап келе жатқан әрбір қазақстандық десе болады. 

Осы шуақты, мейірімді, тамаша көктем мерекесінде барша азаматтарға зор денсаулық, бақ-береке, адамгершілік жылулық, тыныштық пен сабыр тілеймін. Осындай күрделі кезеңде бірлігімізді сақтап, одан әрі нығайта түсіп, елімізді мақтан тұтып, Отанымыздың игілігі үшін еңбек ете берейік», - деді Тамара Ширмер.