Акбаржон Исмаилов: Бейбіт өмір мен тыныштықтың өзі - үлкен құндылық
1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесі қарсаңында ҚХА кеңес мүшесі, Тәжіктердің Республикалық этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов барлық қазақстандықты құттықтады. Ол еліміз үшін мемлекеттік мерекенің маңызы жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Қазақстан халқының бірлігі мерекесі көктемнің ерекше кезеңі іспетті. Осы кезде табиғат та, адамдардың көңіл күйі де бір серпіліп, өзгеше бір жылылық пайда болады ғой. Бұл мереке туралы ойласам, көз алдыма үлкен ұрандар емес, күнделікті өмірдегі қарапайым, бірақ ең шынайы қарым-қатынастар келеді.
Көршімен ашық-жарқын амандасу, жұмыстағы әріптеспен еркін сөйлесу, көшеде бір-біріне шуақты жүзбен қарау – осының бәрі «бірлік» деген ұғымның нақты өмірдегі көрінісі секілді. Кейде біз бұған аса мән бермейміз, бірақ шын мәнінде, қоғамдағы татулық дәл осындай ұсақ, бірақ маңызды қарым-қатынастан басталады деп ойлаймын.
Біздің еліміздің бір артықшылығы да осында шығар – біз адамдарды ең алдымен «адам» ретінде қабылдауға дағдыланғанбыз. Этносқа бөлмей, бір-бірін жатсынбай араласу – бұл бір күнде қалыптасқан дүние емес, уақыт өте келе орныққан түсінік пен сыйластықтың нәтижесі деп білемін.
Сондықтан 1 мамырдың мәні тек ресми мереке ретінде емес, сол қалыптасқан сенім мен татулықты бағалай білуде болса керек. Өйткені сенім бар жерде ғана тұрақтылық орнайды, ал тұрақтылық бар жерде адам ертеңіне алаңдамай, еркін ғұмыр кешеді.
Қазақстанда әр этностың өз тарихы, өз мәдениеті бар екені рас. Бірақ бүгінгі күні еліміздегі әр этнос бір кеңістікте тоғысып, ортақ тағдырға айналып кетті. Бір-бірінен үйрену, араласу, сыйласу – бұл біз үшін қалыпты жағдайға айналды. Меніңше, бұл – біздің қоғамның ең үлкен жетістігінің бірі.
Шынын айтқанда, күнделікті тіршілік қарбаласында осының бәрін байқамай да қаламыз, бірақ бір сәт тоқтап ойлансаң, бейбіт өмір мен тыныштықтың өзі үлкен құндылық екенін түсінесің. Сол үшін де бұл күн тек демалыс емес, бір сәтке болса да ойланатын, бағалайтын күн деп білемін.
Осы сәтті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтаймын! Әр шаңырақта береке болсын. Дастарханымыз дәмге, көңіліміз әнге толып, достығымыз сызат түспейтіндей берік болғай. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» - деді Акбаржон Яхияхожаұлы.