Таяу Шығыс аймағынан 10 275 қазақстандық эвакуацияланды – СІМ
Таяу Шығыс аймағынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау аяқталды. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Жалпы алғанда елімізге 10 275 Қазақстан Республикасының азаматы қайтарылды.
Қазақстан азаматтарын эвакуациялау әртүрлі бағыттар арқылы, оның ішінде әуе және құрлық жолдарымен жүзеге асырылды.
Қазақстан Республикасының өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерлерде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимылды үйлестіріп, отандастармен тұрақты байланыста болып, Қазақстан азаматтарына қажетті көмек көрсетті», - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың Отанына қауіпсіз оралуын қамтамасыз етуге көрсеткен қолдауы үшін мемлекеттік органдарға және шетелдік әріптестерге алғыс білдіреді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Таяу Шығыс елдерінен отандастарымызды жедел эвакуациялауды тапсырғанын айтқан болатын.