Шымкентте газ реттейтін жабдықтағы алапат өрт сөндірілді

Шымкентте газ реттейтін жабдықтағы алапат өрт сөндірілді
Фото: ТЖМ видеосының скриншоты

Оқыс оқиға қаладағы Еңбекші ауданының «Базарқақпа» тұрғын алабында болды. Жеңіл автокөлік газ реттегіш пунктінің жабдығына соғылған. Ол қирап ауаға таралған газ-ауа қоспасы жарылып, артынан үлкен жалын шыққан, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ-ға сілтеме жасап.

Оқиға орнына жеткен өртке сөндіру бөлімшелері жалынды өшіру және конструкцияны салқындату үшін 2 оқпанмен арнайы көбікті сұйық шашты.

Олар жалынды оқшаулап, оның жақын үйге таралуына жол бермеді. Өрт толық сөндірілді.

Газ-ауа қоспасы қопарылысынан жақын маңдағы жеке үйдің терезелері зақымданды. Көлік толық жанып кетті. Жүргізуші өрт күшейгенге дейін салоннан шығып үлгеріп, аман қалды.

 

Еске салсақ, кеше Жетісу облысында газ қоспасы жарылып, дүкен қирап қалды. Оқыс оқиғадан үш адам зардап шекті.