Шымкент мұнай өңдеу зауытында қалпына келтіру іс-шаралары жүргізіледі

Шымкент мұнай өңдеу зауытында қалпына келтіру іс-шаралары жүргізіледі
Фото: ҚазМұнайГаз

Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазіргі уақытта «ПҚОП» ЖШС (Шымкент мұнай өңдеу зауыты) каталитикалық риформинг қондырғысында катализатордың белсенділігін қалпына келтіруге бағытталған іс шараларды бастайды. Бұл жұмыстар - міндетті әрі қалыпты процедура, себебі екі жыл бойы қолданыста болған катализатордың алғашқы регенерацияаралық кезеңі аяқталды», делінген хабарламада.

Процедураны өткізу уақыты 7 тәулікке дейін. Бұл катализатор жүйесін жасаушы кәсіпорынмен келісілген мерзім.
Ұлттық компанияның мәлімдеуінше, бұл іс шаралар мұнай өнімдерінің балансына әсер етпейді. Мұнай өнімдері штаттық режимде жөнелтіліп жатыр. Бүгінгі жағдай бойынша елімізде отын қорының көлемі мынадай:
Автобензин: 
АИ 92 – 354,2 мың тонна (28 тәулікке жететін қор); 
АИ 95 – 91,8 мың тонна (25 тәулікке жететін қор); 
Дизель отыны – 400 мың тонна (31 тәулікке жететін қор); 
Авиаотын – 114,9 мың тонна.
Сонымен қатар «ПҚОП» ЖШС каталитикалық риформинг қондырғысында жұмыстар жүргізілетініне байланысты тауарлық мұнай өнімдерінің қосымша қорын қамтамасыз етті: 
Автобензин – 24 300 тонна, соның ішінде: 
АИ 92 - 21 200 тонна; 
АИ 95 – 3 100 тонна; 
Дизель отыны – 4 900 тонна; 
Авиаотын – 5 000 тонна; 
Сұйытылған газ – 700 тонна.