Шығармашылық еркіндік қазақстандық өнердің әлемдік деңгейде танылуына серпін береді – Мади Тайпин
Жуырда жарияланған Жаңа Конституцияның жобасы қоғамда кең талқыланып жатыр. Осы орайда Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Мади Тайпин мәдениет пен шығармашылық саласына қатысты нормаларға тоқталды. Ол жаңа құжаттағы шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған баптардың өнер адамдары үшін маңызды екеніне екпін жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Конституцияның жаңа жобасындағы 23-баптың 1-тармағында «Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi» деп жазылған. Бұл бап - демократиялық қоғамның ең маңызды тіректерінің бірі. Шынында да, сөз және шығармашылық еркіндігі бұрыннан бар қағидалар. Алайда оларды Конституция деңгейінде нақты әрі айқын бекіту өнер адамдары үшін де, жалпы шығармашылық орта үшін де ерекше маңызға ие. Бұл мемлекеттің шығармашылық тұлғаға сенім білдіруі, оның еркін ойлауына, еркін ізденуіне жасалған жағдай деп түсінген жөн.
Жалпы, жаратылысында өнер адамы қалыпқа сыймайтын халық қой. Ең алдымен, шығармашылық еркіндік өнер адамына өз ойын ашық айтуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді өнер арқылы батыл көтеруге мүмкіндік береді. Музыкант, композитор, дирижер немесе орындаушы болсын барлығы шаблоннан тыс ойлап, жаңа формалар мен бағыттарды іздеуге ұмтылады. Өнерпаздың шығармашылығы шарықтау үшін оған кеңістік керек. Еркіндік бар жерде жауапкершілік те қатар жүреді, сондықтан бұл - өнер сапасының артуы мен дамуына тікелей әсер ететін дүние.
Қазір біз репертуарлардың жаңарып, ұлттық және заманауи музыканың қатар дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Жас композиторлардың жаңа туындылары сахнаға шығып, халықаралық фестивальдерде қазақстандық орындаушылардың беделі артып келеді. Филармония сахнасында түрлі эксперименттік жобалар, заманауи интерпретациялар пайда бола бастады. «Мұның бәрі – шығармашылық еркіндіктің нақты жемісі» деп зор сеніммен айта аламын.
Болашақта бұл норма қазақстандық өнердің әлемдік деңгейде танылуына серпін береді деп сенемін. Еркін ойлайтын, батыл шығармашылық шешімдер қабылдай алатын өнер адамдары жаңа стильдер мен бағыттарды қалыптастырады. Ұлттық өнеріміз заманауи үрдістермен үйлесіп, жаһандық мәдени кеңістікте өз орнын нығайтады. Ең бастысы жас таланттар үшін мүмкіндік кеңейіп, өнер саласында үздіксіз даму қамтамасыз етіледі», - деді ол.
Мади Шойынбекұлы, сондай-ақ, аталған баптың 2-тармағында айтылған зияткерлік меншіктің қорғалуы туралы нормаға тоқталып, бұл өнер адамдары үшін аса маңызды заңнама екенін айтты.
«Әрбір музыкалық шығарма, сахналық қойылым, аранжировка немесе орындаушылық интерпретация автордың зияткерлік еңбегінің нәтижесі. Оны қорғау дегеніміз – өнер адамының маңдай терімен келген дүниесін бағалау, еңбегіне құрмет көрсету.
Өкінішке қарай, бұл салада мәселелер жоқ емес. Кейде авторлардың шығармалары рұқсатсыз пайдаланылады, авторлық құқық сақталмай жатады, әсіресе цифрлық кеңістікте. Орындаушылар мен композиторлар өз еңбегінің әділ өтемін ала алмайтын жағдайлар да кездеседі. Бұл, әрине, шығармашылық адамын жаңа туынды жасауға ынталандыра бермейді, тіпті кері әсер етуі де мүмкін.
Заңның нақты жұмыс істеуі авторларға сенім береді. Егер өнер адамы өз туындысының қорғалатынын, оның әділ пайдаланылатынын білсе, ол шығармашылыққа бар күшін салады. Сонымен қатар авторлық құқықты сақтауға қатысты мәдениет те қалыптасады. Бұл салада құқықтық тетіктер ғана емес, қоғамның санасы да маңызды рөл атқарады.
Біріншіден, бұл - материалдық тұрақтылық. Автор өз еңбегінен табыс табуы керек. Екіншіден, бұл моральдық мәселе. Шығарманың авторы танылып, еңбегі бағалануы тиіс. Үшіншіден, зияткерлік меншік қорғалған жерде шығармашылық бәсеке артып, өнердің сапасы жоғарылайды.
Дамыған елдерде авторлық құқықты қорғау жүйесі өте жақсы жолға қойылған. Мысалы, Еуропа елдерінде немесе АҚШ-та авторлық қоғамдар арқылы композиторлар мен орындаушылардың құқықтары қатаң бақыланады, әрбір орындалым мен пайдаланым есепке алынады. Бұл тәжірибелер біз үшін де үлгі бола алады. Мұндай жүйелер енгізілген сайын қазақстандық өнер адамдарының да халықаралық деңгейде еркін жұмыс істеуіне жол ашылады», - деп пікір білдірді филармония директоры.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны туралы жаздық.