СҚО-дағы екі ірі су қоймасында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды

СҚО-дағы екі ірі су қоймасында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Қазсушардың» Солтүстік Қазақстан филиалы Сергеев және Петропавл су қоймаларынжа және өңірдің су шаруашылығы объектілерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

 Әр төрт сағат сайын су қоймаларындағы су көлемі мен су жіберу көрсеткіші туралы мәлімет өңделіп, мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Ресейдің Түмен облысындағы Төменгі Обь бассейндік су басқармасына жолданып отырады.

1 сәуірдегі жағдай бойынша, Сергеев су қоймасындағы су көлемі 706,1 млн текше метр. Қазіргі уақытта нысаннан секундына 32,8 текше метр көлемінде су жіберіліп жатыр. Су бөгетінен асып аққан судың биіктігі 8 сантиметрге жетті. Су тасқыны басталғалы бері қоймаға 51 млн текше метр су келіп құйылды, оның қазір 9 млн текше метрі жіберілді.

Петропавл су қоймасында 29 наурыздан бастап деңгейді реттеу үшін реттелетін қақпалардан су жіберу көлемі ұлғайтылып жатыр. Жалпы алғанда, өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты, Сергеев және Петропавл су қоймалары қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. 

«Сергеев су қоймасының толуы – жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс. Нысан су көлемі артқан жағдайда артық судың бөгет жотасы арқылы автоматты түрде асуына мүмкіндік беретіндей етіп жобаланған. Бұл су қоймасының өзіне де, маңындағы елдімекендерге де қауіп төндірмейді. Сонымен қатар мұндай су асуы күздің соңына дейін жалғасуы мүмкін. Облыстағы су тасқыны жағдайы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен басқа да жауапты органдардың тұрақты бақылауында», - деді «Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Ержан Күсімбаев.

Еске сала кетсек, елімізде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есе жеделдеді.