СҚО-да тұрғыны заңсыз қарыз беруден 1,8 млрд теңгеден астам табыс тапқан
Солтүстік Қазақстан облысында лицензиясыз мүлік кепілдігімен қарыз беру, оны қайтару үшін күш қолдану және алаяқтық фактісі бар іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Күдікті 2013 жылдан 2025 жылға дейін тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілдігімен пайызға жүйелі түрде қарыз беріп келген. Келісімшартта берілген сомадан едәуір жоғары сома көрсетіліп, оған алдын ала есептелген сыйақы қосылып отырған.
Ай сайынғы сыйақы мөлшері қарыздың 5–10%-ына жеткен, бұл жылдық есеппен 60–120%-ға тең. Сондай-ақ қарызды жасыру және оның қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікті сатып алу-сату туралы жалған шарттар рәсімделген.
Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс 1,8 млрд теңгеден асты.
Жедел қаржылай көмекке үміт артқан азаматтар жоғары пайыздық мөлшерлемені төлеп, кей жағдайда мүлкінен айырылу қаупіне тап болған. Күдікті қарыз алушының ақша немесе жылжымайтын мүлкін алу үшін мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткен.
Одан бөлек, күдікті қарызын қайтармағандарды сотқа беріп, 11 млн теңге көлеміндегі қарызды екі рет өндіріп алған. Міндеттеменің іс жүзінде орындалғаны туралы мәліметті сотқа әдейі ұсынбаған.
Сот күдіктінің қылмыстық жолмен тапқан табысына сатып алынған құны 1,1 млрд теңге мүлкіне тыйым салды. Сонымен қатар 2 пәтер, 2 жеке үй, жер телімі, сондай-ақ «Range rover» және «Hyundai Staria» автокөліктеріне де тыйым салынды.
Күдіктіге қамауға алынған, ал қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске салсақ, полиция 1414 нөмірінен келетін SMS хабарламалар арқылы жасалатын алаяқтық деректерінің жиілегенін мәлімдеді.