1414-тен SMS жиіледі: полиция алаяқтардан сақ болуға шақырды

Бүгін, 19:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
1414-тен SMS жиіледі: полиция алаяқтардан сақ болуға шақырды
фото: Elordainfo.kz

Полиция қызметкерлері 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарламалар арқылы жасалатын алаяқтық деректерінің жиілегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Хабарлама арқылы код алған азамат бірден психологиялық қысымға тап болады: артынша алаяқтар қоңырау шалып, өздерін банк, пошта, салық органдары немесе құқық қорғау құрылымдарының қызметкері ретінде таныстырып, түрлі қосымшаны орнатуға немесе күмәнді сілтемелерге өтуге үгіттейді.

«Олар азаматтарды «жеке деректеріңіз ұрланды» деп сендіріп, шұғыл түрде ақша аударуды немесе несие рәсімдеуді талап етеді. Алайда бұл – психологиялық айла ғана. 1414 нөмірінен келген SMS несиелерге қолжетімділік бермейді, себебі банктер өздерінің көпсатылы қорғаныс жүйелерін қолданады. Көбіне егде жастағы адамдар жәбірленушіге айналады: оларды депозиттегі қаражатын шешіп алуға, «сақтандыру шотына» аударуға, мүлкін сатуға немесе кепілге қоюға көндіреді. Алаяқтар қаражатты курьерлер немесе мессенджерлер арқылы иемденеді», – деді Алматы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, интернет арқылы тауар сату және жалған инвестициялық ұсыныстарға қатысты схемалар да кең таралған. Қаскөйлер төмен баға немесе жоғары табыс уәде етіп, алдын ала төлем талап етеді, кейін байланысқа шықпай қояды.

Сондай-ақ «туысыңыз жол-көлік оқиғасына түсті» деген мазмұндағы қоңыраулар арқылы эмоционалдық қысым жасап, ақша бопсалау фактілері кездеседі.

«Ең басты қағида – жеке деректеріңізді, банк карталарының реквизиттерін және келген кодтарды ешкімге хабарламау. Қоңырау шалушы өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырса да, ақпаратты өзіңіз дербес тексеріңіз. Психологиялық қысым мен манипуляцияға берілмеңіз», – дейді Әнес Қалдыбаев.

Еске салайық, бұдан бұрын Павлодарда алаяқтар зейнеткердің 2 млн теңгесінен иемденіп кетпек болғанын жаздық.