Павлодарда алаяқтар зейнеткердің 2 млн теңгесінен иемденіп кетпек болған

Павлодарда алаяқтар зейнеткердің 2 млн теңгесінен иемденіп кетпек болған
Фото: polisia.kz

Павлодар облысында кейуана полицияның көмегімен алаяқтарға аударған ақшасын қайтарып алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Зейнеткерге алаяқтар хабарласып, одан қаражат талап еткен.

«Үйдегі телефонға белгісіз ер адам қоңырау шалды, өзін «Ұлттық банк қызметкерімін» деп таныстырды. Құжаттарды шұғыл түрде қайта рәсімдеу қажеттігін айтты. Менен шотта 2 млн теңгеден астам қаражат бар екенін сұрап білді. Оның нұсқауымен 1,3 млн теңгені аудардым. Кейін ер адам қайта қоңырау шалып, үйге көлік келіп, мені бір жерге жеткізетінін айтты. Жүргізушімен сөйлеспеуді қатаң талап етті. Барлық уақыт ол WhatsApp мессенджері арқылы байланыста болып, нақты нұсқау беріп отырды», - дейді полицияға жүгінген әйел.

Барлық әрекет алаяқтың телефон арқылы нұсқауымен жасалған. Зейнеткерге ешкіммен сөйлесуге және туысымен хабарласып, ақылдасуға мүмкіндік бермеген. Алаяқтар оны тәулік бойы құрығында ұстап отырған.

Кейуана қалған соманы аудару үшін банкке барған кезде, банк қызметкері оның мінез-құлқына мән беріп, полицияға хабарлаған.

Полиция қызметкерлері келіп, заңсыз әрекеттердің алдын алып, қалған қаражаттың аударуға жол бермеді. Сондай-ақ зейнеткерге бұрын аударған қаражатты қайтаруға көмектесті. Зейнеткер мен оның жұбайы полицейлерге жедел әрі кәсіби жұмысы үшін алғыс білдірді.

Полиция ескертеді: Банк пен мемлекеттік орган қызметкерлері телефон арқылы қаражат аударуды талап етпейді және азаматтарды таксимен банкоматқа жібермейді. Осындай қоңырау келген жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, 102 нөміріне хабарлау қажет.

Еске салсақ, бұған дейін Оралда кибералаяқтар тұрғынның 5 млн теңгесін жымқырып кеткенін хабарладық.