Оралда кибералаяқтар тұрғынның 5 млн теңгесін жымқырып кетті

Бүгін, 21:06
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Оралда кибералаяқтар тұрғынның 5 млн теңгесін жымқырып кетті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Оралда кибералаяқтар тұрғынның 5 миллион теңгесін жымқырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Орал қаласының тұрғынына белгісіз адамдар қоңырау шалып, SMS кодты айтуын сұраған. SMS кодты алғаннан кейін алаяқтар жәбірленушіге қайта байланысып, өздерін банк қызметкерлері және Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары ретінде таныстырған. «Қаражатты қорғау» деген сылтаумен олар әйелдің атына несие рәсімделіп жатқанын хабарлап, операцияны болдырмау үшін арнайы қосымшаны шұғыл түрде орнату қажет екенін айтқан.

WhatsApp мессенджері арқылы әйелге бағдарламаны орнатуға арналған файл жіберілген. Қосымша жалған болып шыққан және алаяқтарға оның мобильді құрылғысына қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік берген. Телефонды бақылауға алған қаскөйлер 5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, қаражатты өз пайдаларына жаратқан.

Полиция белгісіз адамдар жіберген сілтемелер арқылы қосымшаларды орнатпауды, ресми банк қосымшаларын тек App Store немесе Google Play арқылы жүктеу керегін еске салады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мессенджерлер арқылы орнатуға арналған файлдарды жібермейтінін және мұндай қоңырау келген жағдайда әңгімені дереу тоқтату керегін ескертеді. Аталған факті бойынша қазір тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін полиция қазақстандықтарға маңызды үндеу жасағанын жаздық.