Шорт-трекші Абзал Әжғалиев: 2025 жыл мен үшін тарихи жетістіктерге толы болды

Шорт-трекші Абзал Әжғалиев: 2025 жыл мен үшін тарихи жетістіктерге толы болды
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Шорт-тректен ұлттық құраманың белді мүшесі, астаналық спортшы Абзал Әжғалиев 2025 жылғы жетістіктеріне қатысты өз ойын бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол биылғы көрсеткіштері қаншалықты көңілден шыққанын саралады.

«2025 жылға көңілім толады. Біріншіден, төрт жылда бір мәрте өтетін қысқы Азия ойындарында 5000 метр қашықтықтағы командалық сында тарихи алтын медальға қол жеткіздік. Жарыс қожайыны - Қытай елі сапында бірнеше дүркін Олимпиада және әлем чемпиондары болса да, біз өзіміздің алға қойған мақсатымызға жете алдық. Екіншіден, 4 әлем Кубогының қорытындысы бойынша Милан-2026 қысқы Олимпиадасының лицензиясын жеңіп алдым», - деді танымал спортшы.

Сондай-ақ ол Астана қаласындағы 2025 жылғы маңызды оқиғалар жайлы ойын бөлісті.

«Елордамыз уақыт өткен сайын көркейіп жатыр. Ең қуаныштысы, LRT бойынша жұмыс қарқынды жалғасып, 2026 жылы қолданысқа берілетіні ерекше эмоция сыйлады. Одан бөлек, Астана қаласында көптеген әлемдік деңгейдегі жарыстар өтті», - деді Абзал Әжғалиев.

Сонымен қатар ол 2026 жылға қойған мақсаттары туралы айтты.

«2026 жыл бұған дейінгі спорттық мансабымнан жақсы болады деп сенемін. Бұған дейін 2014, 2018, 2022 жылдары өткен қысқы Олимпиадаға қатысқан едім. Енді төртінші Милан-2026 ақ Олимпиадасы күтіп тұр», - деді спортшы.

Шорт-трек жұлдызы Астана тұрғындарына жаңажылдық тілегін жолдады.

«Әр үйге береке, әр жүрекке қуаныш, жаңа жылға мол бақыт тілеймін!», - деп сөзін түйіндеді Абзал Әжғалиев.