Сержанттар жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің заманауи әдістерін меңгеріп жатыр

Бүгін, 14:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Сержанттар жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің заманауи әдістерін меңгеріп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Гвардейск гарнизонында Құрлық әскерлері, Әскери полиция, Қару-жарақ және Тыл басқармаларының, сондай-ақ әскери-медициналық бөлімшелері сержанттар құрамының кәсіби біліктілігін арттыру және практикалық дағдыларын жетілдіру бойынша мамандандырылған практикалық сабақтар өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шаралар жеке құрамды басқару қабілеті мен тәрбие жұмысының сапасын жетілдіруге бағытталған.

«Практикалық сабақтарда түрлі оқу жағдайында іс-қимыл алгоритмдері бойынша жаттығулар өткізілуде. Бағдарламаға шағын топтардың іс-қимыл тактикасы, жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру және жеке-тәрбие жұмысы тақырыптары кірген. Мерзімді қызметтегі сарбаздарды оқытуда, көшбасшылық қасиеттерін жетілдіруде, сондай-ақ әскери ұжымның тәртіп пен ұйымшылдықты сақтауы үшін жауапкершілікте заманауи тәсілдерге ерекше назар аударылды», - делінген хабарламада.

Жиынды ұйымдастырушылар сержанттар құрамы әскерлерді басқарудағы маңызды буын екенін атап өтті.

Олардың кәсіби дайындық деңгейі бөлімшелердің жауынгерлік даярлығына және әскери ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға тікелей әсер етеді.

Қарулы күштер Бас штабы Сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, шебер сержант Темірбек Халықов сабақтар бригада және полк сержанттарымен командирлік даярлық жүйесі шеңберінде өткізіліп жатқанын айтты.

Практикалық атыс барысында қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі қолданылып, шағын топтардың құрамында атыс жүргізу жаттығулары пысықталуда. Атыс күндізгі және түнгі уақыттарда өткізіліп жатыр.

Бұдан басқа жауынгерлік даярлық бойынша нормативтер жинағын жаңарту, атыс бағытын өзгерту, жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің қазіргі заманғы әдістеріне сәйкес басқа да өзгерістер енгізу жұмыстары жалғасын табады.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылардың дайындық деңгейін талдау нәтижелеріне қарай қолбасшылық үздік сержанттарды анықтайды. Жиында жиналған тәжірибе әскери бөлімдерде практикада іске асырылатын болады.