Серб парламентарийлері Қазақстандағы реформалардың тиімділігін жоғары бағалады

Бүгін, 18:04
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Серб парламентарийлері Қазақстандағы реформалардың тиімділігін жоғары бағалады
Фото: СІМ

Қазақстан Республикасының Сербиядағы елшісі Мәди Атамқұлов Сербия Парламенті депутаттары Борислав Антониевич және Александр Чотричпен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Тараптар Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси және парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға өзара қызығушылық бар екені атап өтілді.

Қазақстан дипломаты Серб парламентшілерін елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы хабардар етіп, олардың мақсаты мен негізгі бағыттарын түсіндірді.

Парламентаралық достық тобының жетекшісі Б.Антониевич Достық тобы мен Скупщина тарапынан Қазақстанмен дамып келе жатқан диалогқа қолдау көрсетілетінін растады. Ол ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша, әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды кеңейтуге мүдделілік білдірді.

Өз кезегінде А.Чотрич Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформаларды жоғары бағалап, қазақстандық тәжірибенің серб парламентшілері үшін практикалық  қызығушылық тудыратынын атап өтті.

Сұхбаттастар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси диалогты нығайтуға өзара мүдделіліктерін растады.