Шекарада 18 шетелдік жасырын өтпек болғаны анықталды

Бүгін, 10:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
Шекарада 18 шетелдік жасырын өтпек болғаны анықталды
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Наурыз айында ҰҚК Шекара қызметі мемлекеттік шекарада заңсыз көші-қон, контрабанда және есірткі айналымына қарсы бағытталған бірқатар іс-шара өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысында өткізу пункті арқылы жүк көлігінің тіркемесінде жасырын өтпек болған 18 шетел азаматы анықталды.

Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткі дайындауға арналған 5100 литр прекурсор тәркіленді. Жалпы, жыл басынан бері 9 620 литр түрлі химиялық заттың («тұз қышқылы», «ацетон», «фениппентан») және 1000 келі «Бромкетон-4» затының заңсыз тасымалы тоқтатылды. Жүргізілген шаралар нәтижесінде бұл заттарды алуы тиіс тұлғалар анықталып, есірткі зертханалары жойылды.

Сонымен қатар, Жамбыл облысында шекарашылар шетелге 1 млрд теңге көлемінде 160 тонна кен мен бағалы металдар концентратын (құрамында алтын бар құм) заңсыз шығармақ болған әрекеттің жолын кесті.

Аталған деректер бойынша материалдар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.

Еске салсақ, Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 1,4 мың шетелдік жауапкершілікке тартылды.