Назарбаев университетіне іргелес аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, университет паркінде 85 000-нан аса ағаш пен бұта отырғызылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Nazarbayev University баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
NU ауқымды жобаны – көпфункционалды парк аймағын жүзеге асыруға кірісті. Жаңа жасыл кластер NU Park университет студенттері мен қызметкерлері үшін ғана емес, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін де демалу, шығармашылықпен айналысу, ғылым және білімге арналған ортаға айналмақ.
NU баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба университет басшылығы бастамашылық еткен «Қолжетімді кампус» бағдарламасының бір бөлігі болып саналады. Бағдарламаның мақсаты – қала тұрғындарына ашық, қолайлы және қолжетімді орта құру.
«Қаланың бір бөлігі бола отырып, біз функционалдылыққа, экологиялықтылыққа және архитектор Кисё Курокава әзірлеген қала құрылысы тұжырымдамасына үйлесімді интеграцияға негізделген парк кеңістігін құрып жатырмыз. Парк әр келушіге белсенді демалыс пен тыныштықта уақыт өткізуге арналған жайлы орын ұсынатындай етіп жобаланған», - деді NU президенті Вакар Ахмад.
Шамамен 45 гектар аумақта заманауи парк салынған. Онда фуд-корт, арқан саябағы, этноауыл, теннис академиясы, ат спорты мектебі және футбол орталығын қамтитын өзара әрекеттесу аймағы; жұмыс істеуге және оқуға арналған тыныш орта құратын зейін аймағы; демалыс кеңістігі; шығармашылық шеберханалар мен көрме алаңдары бар арт-хаб сияқты бірнеше ерекше функционалды аймақ қарастырылған.
Парктің орталық нысаны қазақ оюы пішініндегі жасыл лабиринт болмақ. Сонымен қатар ашық аспан астындағы амфитеатр, Шығыс мәдениеттер орталығы және қайта жаңғыртылған пирамидалық екі ғимаратта түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
«Парк астаналықтар үшін жаңа тартымды орынға айналатынына сенімдіміз. Мұнда мегаполистің дәл ортасында табиғатпен оңаша қалып, шығармашылыққа ден қоюға, отбасы мен достармен уақыт өткізуге мүмкіндік жасалады», - деп қосты профессор Ахмад.
Жоба екі жылдан аса уақытқа жоспарланғанымен, оның елеулі бөлігі 2025 жылы жүзеге асырылды. 15 гектар жер тазартылып, жыртылып, тыңайтқыш себілді, газон егілді, алты су ұңғымасы бұрғыланды. Тал, терек, үйеңкі, қарағаш, бөртегүл, қарағай, шырша сынды 85 000-нан аса ағаш пен бұта отырғызылды. Сонымен қатар кампус пен қаланы көгалдандыруға қажетті көшеттер өсірілетін 200 шаршы метрлік жылыжай салынды.
Парк құрылысының алғашқы кезеңі 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Осы уақытқа қарай тағы үш жылыжай, бау-бақша орталығы, велосипед және жаяу жүргінші жолдары салынбақ. Жоба NU Impact Foundation қоры есебінен қаржыландырылады.