Ресей Президенті Өңіраралық форум екіжақты қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті
Ресей Президенті Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, Өңіраралық форум екіжақты қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Елдеріміздің ынтымақтастығы табысты дамып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде стратегиялық сипатқа ие болды. Оны ұдайы өсіп келе жатқан тауар айналымының деңгейінен аңғаруға болады. Өткен жылы екіжақты сауда-саттық шамамен 28 миллиард долларды құрады, ал биылғы бес айда, біздің статистикалық мәліметімізге сәйкес, тағы да 4 пайыздан аса өсті. Бұл қарқынды динамика келешегіміз жарқын екенін көрсетеді. Сонымен қатар оған инвестиция да ықпал етеді. Өйткені инвестиция алдағы күнге жағдай жасап, көрсеткіштерді айқындайды. Бұл ретте де ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз аз емес. Себебі Ресей кәсіпорындарының, ресейлік бизнесмендердің қатысуымен жалпы инвестиция көлемі 30 миллиард доллар болатын 70 жоба іске асырылып жатыр. Ресей – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Әріптестігіміз әртүрлі бағытта өрбіп келеді. Мәселен, металлургия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, фармацевтика секілді басқа да салалар қамтылған, – деді Владимир Путин.
Бұдан бөлек, Ресей Президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту мәселесіне тоқталды.
– Гуманитарлық байланыстар саласындағы ықпалдастығымыз өте маңызды. Бұл орайда, әлбетте, білім саласы алдыңғы орынға шығады. Қазақстанның мыңдаған азаматы ресейлік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Омбыда Қазақстанның мемлекеттік университетінің филиалы ашылғанын атап өткім келеді. Ресейлік студенттерге 100 мемлекеттік стипендия ұсынылғаны үшін алғыс айтамыз. Олар ақысыз негізде білім алып жатыр, – деді Ресей басшысы.

Владимир Путин екі ел халықаралық аренада және өңірлік ұйымдар аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанына назар аударды.
Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал Қазақстан – ЕАЭО-ға төрағалық етеді.
Сонымен қатар Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің тарихи тамырластығы туралы сөз қозғады.
– Бүгін госпитальге арнайы барғаныңызды білемін. Омбы Сіз үшін Ресейдің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған. Біз Ұлы Отан соғысы мен халқымыздың нацизмді жеңуге қосқан үлесін әрдайым есте сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз, – деді Ресей Президенті.
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Бұдан бөлек, президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.