Референдум-2026

Қылмыстық топ Қызылорда облысында алтын өндірумен айналысқан

Қылмыстық топ Қызылорда облысында алтын өндірумен айналысқан
Қаржылық мониторинг агенттігі видоесының скриншоты

Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топ анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Прокуратураның үйлестіруімен агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірген қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.

Топ мүшелерінің міндеттері өзара нақты бөлінген. Біреуі алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмысын ұйымдастырса, екіншісі тасымалдау мен сатуға жауапты болған. Тағы бір бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.

«Заңсыз әрекетті жасыру үшін аумақтың айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгенін алдын ала ескертіп отырған. Өндірілген алтын сату үшін Алматы қаласына жеткізіліп, одан түскен ақша топ мүшелерінің арасында бөлінген», делінген хабарламада.

Тінту барысында құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, 2 арнайы техника, 12 металл іздегіш және 6 автокөлік тәркіленді.

Агенттіктің мәліметінше, 13 адам қамауға алынған. Олардан 2 пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық тәркіленген.

Еске салап кетсек, ШҚО-да заңсыз алтын өндірген топтың қызметі тоқтатылды. Заңсыз қызметке 30-дан астам адам тартылған. Олардың арасында Қытай Халық Республикасының азаматтары да бар.