Референдум-2026

ШҚО-да заңсыз алтын өндірген топтың қызметі тоқтатылды

Бүгін, 12:04
Думан Аманжол Думан Аманжол
ШҚО-да заңсыз алтын өндірген топтың қызметі тоқтатылды
Фото: freepik.com

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті және прокуратура органдарымен бірлесіп, Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылы маңында заңсыз алтын өндірген топтың қызметін тоқтаттыдеп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тергеу мәліметінше, күдіктілер құрамында алтыны бар кенді тиісті рұқсат құжаттарынсыз өндіріп, өңдеумен айналысқан. Соның салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілген. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылып, өзен арнасы өзгерген.

Заңсыз өндіріс шамамен 30 гектар аумақта жүргізілген. Жұмыстарға ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендер пайдаланылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз қызметке 30-дан астам адам тартылған. Олардың арасында Қытай Халық Республикасының азаматтары да бар.

Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш және құрамында алтыны бар кенді өндіруге әрі жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Еске салсақ, Қостанай тұрғыны заңсыз криптовалюталық операциялармен айналысқаны үшін 2 жылға сотталды.