Халық кеңесін құру еліміздің жаңарған тарихындағы маңызды белес ретінде бағаланады – Акбаржон Исмаилов
Қасым Жомарт Тоқаевтың V Ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары ел өміріндегі жаңа дәуірдің басталғанын айқын аңғартты. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Тәжіктердің Республикалық этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов V Ұлттық құрылтай туралы пікірінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның пікірінше, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай жиыны тек саяси алаң емес, мемлекеттің болашағына бағытталған терең ой мен тарихи жауапкершілік тоғысқан маңызды кезең болды.
Сонымен қатар ол Президенттің сөзі Қазақстанның бүгінгі болмысына ғана емес, ертеңгі тағдырына бағдар берген мазмұнымен ерекшеленгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың өз уақытына тән тарихи миссияны толық атқарғанын айтты. Шын мәнінде, Ассамблея ел ішіндегі тұрақтылықты сақтап, татулық пен келісімді нығайтудың сенімді тірегіне айналды. Ол түрлі этностарды бір шаңырақтың астына топтастырып, біртұтас елдік сананы қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Бұл кезең еліміздің қалыптасу тарихында айрықша орын алатыны сөзсіз.
Ендігі уақытта сол тағылымды жол жаңа мазмұнмен жалғасқалы отыр. Халық кеңесін құру туралы бастама тәуелсіз Қазақстанның жаңарған тарихындағы маңызды белес ретінде бағаланады. Бұл кеңес қоғамдағы түрлі пікір мен көзқарасты бір арнаға тоғыстырып, ел тағдырына қатысты шешімдерде ақыл мен парасаттың үстем болуына жол ашпақ. Оның құрамында тәжірибесі мол, ойы кемел азаматтардың болуы халықтың ертеңге деген сенімін күшейтеді», - деді Акбаржон Исмаилов.
Сондай-ақ ҚХА Кеңесінің мүшесі Парламентке Құрылтай атауын беру жөніндегі ұсыныс та терең мағынаға ие екенін жеткізді.
«Бұл ұғым халқымыздың тарихи жадында ел тағдыры талқыланған, бірлік пен жауапкершілік алдыңғы орынға шыққан қасиетті кеңес ретінде сақталған. Сол атауды жаңғырту арқылы мемлекет басқару жүйесіне ұлттық рух пен тарихи сана қайта оралады. Бұл қадам Қазақстанның жаңа кезеңін өз тамырынан ажыратпай, керісінше өткеннің өнегесін бүгінгі дамумен ұштастыруға мүмкіндік береді», - деді А.Исмаилов.
Оның айтуынша, мемлекеттің саяси тұрақтылығын нығайту жолында вице-президент институтын енгізу жөніндегі ұсыныс та – уақыт талабынан туған маңызды бастама.
«Бұл ел басқарудағы сабақтастықты сақтап, билік жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай ойластырылған қадамдар мемлекеттің ертеңін берік етуге қызмет етеді.
Жалпы алғанда, көтерілген бастаманың барлығы – бүгінгінің емес, болашақ ұрпақтың қамын көздеген терең мемлекеттік пайымның көрінісі. Бұл Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын білдіреді. Ел тағдырына қатысты шешімдер халықтың үмітімен ұштасып, жаңарған санамен жалғасып отыр. Сондықтан бұл бағытқа жұртшылықтың сеніммен қарап, бірлікпен қолдайтыны анық. Себебі жаңа кезең жаңа жауапкершілікті талап етеді, ал ол жауапкершілік ортақ тарихқа айналмақ», - деп түйіндеді ҚХА Кеңесінің мүшесі.
Бұған дейін мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан сөздеріне қатысты Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанның пікір білдіргенін жазғанбыз.