Назгүл Мақжан: Құрылтайда маған ерекше әсер еткені — патриотизмге берілген анықтама
Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан әлеуметтік желідегі парақшасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордада Ұлттық құрылтайда айтқан сөздеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ұлттық құрылтай бұл – елдің де, қоғамның да есейгенін көрсеткен маңызды кезең, жаңа межеге өткен сәт. Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген толық баяндамасын мұқият оқып шықтым. Бір нәрсе анық сезілді: бұрын сарапшылар ортасында, қоғамдық кеңестерде, әйелдермен, отбасылармен, жастармен талқыланған көптеген ойлар енді мемлекеттік саясаттың нақты бағытына айналып отыр. Бұл құрылтай мен үшін: ұран емес — жауапкершілік, таңдаулы емес — заң мен тәртіп, сөз емес — іс, формализм емес — адам қадірі, бейжайлық емес — әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі. Қоғамда ауыр, бірақ айтылуы тиіс тақырыптар ашық көтерілді. Олар: тұрмыстық зорлық-зомбылық, қыз алып қашу, әлеуметтік әділетсіздік, алаяқтық, немқұрайлылық. Мұның бәрі — бүгінгі қоғамның шынайы айнасы», - деді спикер.
Сөз арасында Назгүл Мақжан Ұлттық құрылтайда әсер еткен дүниелері туралы айтты.
«Маған ерекше әсер еткені — патриотизмге берілген анықтама. Патриотизм — айқай емес, патриотизм — тазалықтан басталатын тәртіп, еңбек, жауапкершілік, отбасыңа, ауылыңа, қалаңа адал болу. Отбасылармен, әйелдермен, балалармен ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан азамат ретінде бұл құрылтайды таңдаған бағытымның дұрыстығын растайтын сәт деп қабылдаймын. Неке институтын қорғау, ұлттық құндылықтарды сақтау, сонымен қатар әр адамның ар-намысы мен құқығын таптатпау — бәрі өте салмақты, байыпты түрде айтылды», - деді Назгүл Мақжан.
Спикердің сөзінше, Парламенттік реформа, Халық кеңесін құру, қоғамдық диалогты жаңа деңгейге шығару — уақыт талабы.
«Бұл қоғамды тыңдай алатын, бірақ популизмге берілмейтін жауапты мемлекет құру жолы. Ендігі ең бастысы — айтылған сөз қағазда қалмай, әр өңірде, әр отбасында, әр салада нақты іске айналуы. Бізге дәл қазір ұран емес, еңбекпен дәлелденетін патриотизм керек. Ұлттық құрылтай – тарихта қалатын алаң ғана емес, ол — ел болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің символы», - деп сөзін түйіндеді Назгүл Мақжан.