ҚТЖ басқарма төрағасы Астана-1 вокзалының құрылыс барысымен танысты
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Елжас Отыншиев Астана станциясының техникалық паркіне танысу жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сапар барысында компания басшысы электр орталықтандыру (ЭО) маневрлік бекетінің жұмыс процесімен, Астана-1 станциясының маневрлік жүйесі мен сұрыптау дөңесінің жұмыс технологиясымен танысты. Тексеру барысында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына, қозғалыс қауіпсіздігі бұзылуының салдарын жедел жоюға және өртті сөндіруге арналған арнайы жылжымалы құрамның дайындығына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Елжас Отыншиев Астана-1 вокзалын қайта құрумен айналысатын мердігерлік ұйыммен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінгі күні онда шатырды, қасбетті, перронды және конкорстық өткелді орнату жұмыстары жалғасып, ішкі әрлеу жұмыстары, сондай-ақ кәріз, сумен, жылумен, электрмен жабдықтау, желдету және байланыс жүйелерін орнату жүргізілуде.

Сапар қорытындысында ҚТЖ Басқарма Төрағасы теміржол объектілерінің сенімділігін одан әрі арттыру және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Еске сала кетейік, Астанада елдегі алғашқы есірткіге қарсы тақырыптық пойыз іске қосылды.