Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде өңірлерде халықты үздіксіз жылу және сумен қамтамасыз ету үшін энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша жұмыс жалғасуда. Қостанай облысындағы жылу желілерін реконструкциялауды аяқтауға Үкімет резервінен шамамен 2,2 млрд теңге бөлінді. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарладлы Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаражат Қостанай, Жітіқара, Арқалық қалаларын жылумен жабдықтау және Рудныйды сумен жабдықтау нысандарын жөндеуге бағытталды.
Қостанай қаласының ЖЭО бас бу құбырын реконструкциялауға 188 млн теңге бағытталды. Бұл нысан 1955 жылы пайдалануға берілген.
Бу құбырына соңғы ішінара жөндеу 2012 жылы жүргізілген. Жаңғырту қысқы кезеңде ЖЭО жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жітіқара қаласында 11 шағын ауданда жылу желілерін жөндеуге 389 млн теңге бөлінді, оның 269 млн теңгесі Ы. Алтынсарин көшесі және 205 млн-ы Жібек Жолы көшесі бойынша. Бұл жылу желілері 183 көппәтерлі үй, 2,5 мың аз қабатты үймен қатар, қала құрылысының едәуір массивтерін қамтиды. Жылу энергиясын тұтынушылардың жалпы саны 15,5 мың абонентті құрайды.
Жалпы, қаланың жылу желілерінің ұзындығы 78 шақырым, оның ішінде магистральдық желілері – 7,53 шақырым.
Сондай-ақ жұмыстар Арқалық қаласында да жүргізілуде, онда жылу желілерін реконструкциялау бойынша жобаның үшінші кезегін жүзеге асыруға шамамен 645 млн теңге бағытталды. 2025 жылға есептеулерге сәйкес жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын 1,6 шақырым желіні жаңарту жоспарлануда. Бұл желіге жалпы білім беретін мектеппен қатар 300 абонент қосылған.
Рудный қаласының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау жобасы 500 млн теңгеге қаржыландырылды. Атап айтқанда, қаражат 1978 жылы пайдалануға берілген қаланың №2 сүзгі стансасын жаңғыртуға жұмсалады. Жоба Рудный қаласын, Қашар және Горняк кенттерін, сондай-ақ өнеркәсіптік нысандарды — барлығы 122 мыңнан астам адамды үздіксіз және сапалы сумен жабдықтауды, сондай-ақ жылыту маусымының апатсыз өтуін қамтамасыз етеді.
Үкімет қабылдаған жаңғырту шаралары өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды едәуір нығайтуға, жылу және сумен жабдықтау нысандарының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға, тұрғындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен және сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.