Қостанай облысындағы Лесное және Березовка ауылдарының тұрғындары қайтарылған мүліктер есебінен ауыз сумен қамтамасыз етілді, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураның сайтына қызметіне сілтеме жасап.
Федоров ауданы Лесное және Березовка ауылдарында прокуратура органдары мемлекетке қайтарған активтер есебінен жүзеге асырылған сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы аяқталды.
Жаңа су желілерін іске қосудың арқасында екі елдімекеннің тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын айтарлықтай жақсартып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Су құбырының жалпы ұзындығы 38 шақырымды құрайды, бұл 284 үйді таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда Қостанай облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау және білім беру салаларында қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын 25 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.
Бұған дейін жемқорлардан қайтарылған қаржыға 77 мектеп салынғанын жаздық.