Қазынашылықта жасанды интеллект элементтері енгізіледі
Қазынашылық цифрландыру бағытында былтыр ISO халықаралық стандартына көшті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш стандарт қаржылық қатынастардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, төлемдерді өңдеу үдерісін жеделдетуге және автоматтандыруға мүмкіндік берді.
ҚР ҚМ Мемлекеттік қазынашылық комитетінің төрағасы Рахат Тоқбаевтың айтуынша, биыл бюджетті қазынашылық атқару саласында цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу бойынша ауқымды міндет қойылып отыр.
«2026 жылы Қазынашылық жүйесін басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялау, оның ішінде цифрлық теңгені пайдалану жоспарланып отыр. Болашақта заманауи әрі тиімді шешімдерді қамтитын, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы мемлекеттік қаржыны жедел басқаруға бағытталған қазынашылық жүйесінің жаңа архитектурасын құру көзделіп отыр», - деді спикер баспасөз конференциясында.
Рахат Тоқбаевтың айтуынша, бұл бастамалар қазынашылық жүйесінде қызмет көрсетілетін квазимемлекеттік сектор ұйымдарының санын арттыруға, бухгалтерлік есеп, сондай-ақ бюджеттік кредиттер мен субсидияларды есепке алуды жүргізуге жол ашады. Биыл барлық қажетті құжаттама әзірленіп, келесі жылдан бастап жаңа жүйені іске асыру қолға алынады.
Еске сала кетсек, Қазақстан онлайн қызмет сапасы бойынша әлемдік 10 көшбасшы елдің қатарына кіреді.