Қазақстан онлайн қызмет сапасы бойынша әлемдік 10 көшбасшы елдің қатарына кіреді
Шымкентте өтіп жатқан Digital Qazaqstan 2026 форумында сөйлеген сөзінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет алдына таяудағы 3 жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөнінде анағұрлым өршіл міндет қойғанын атап өтті.
БҰҰ-ның Электрондық үкіметтердің даму индексінде Қазақстан 193 мемлекет арасында 24-ші орында тұр. Бұдан басқа, Республика онлайн-қызметтер сапасы бойынша да 10 әлемдік көшбасшы елдің қатарына кіреді.
«Жаңа технологияларды енгізу жылдамдығы, экономикалық жүйенің икемді және жылдам бейімделу қабілеті елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгінде дәстүрге айналған Digital Qazaqstan форумы ерекше маңызға ие. Сегіз жылдан бері ол цифрлық трансформация саласының жетекші сарапшылары мен көшбасшыларының басын біріктіріп келеді. Әрі бүгінде нақты шешімдерді әзірлеу орталығына айналды.
Биыл форум алғаш рет Шымкент қаласында өтіп жатыр. Бұл цифрлық күн тәртібінің Астана мен Алматы шегінен шығып, еліміздің барлық өңірін дамытудың ажырамас бөлігіне айналатынын растайды», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еске сала кетсек, ЕҮАК қатысушылары Қазақстанның цифрлық индустриясының жетістіктерімен танысты.