Қазақстандық оқушылар қысқы демалыста неше күн демалады
Екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Қысқы каникул кезеңі 2025 жылдың 29 желтоқсаны мен 2026 жылдың 7 қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар көзделген.
Бұл ретте балаларға бос уақытында кітап оқу; музейлерге, көрме залдарына, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсияларға бару; спорттық ойындарға қатысу, коньки, шаңғы тебу; қайырымдылық акцияларына және басқа да іс-шараларға қатысу ұсынылады.
Сонымен қатар мектептерде, қосымша білім беру ұйымдарында бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу ұсынылып отыр.
«Ең бастысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың қоғамдық қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аудару қажет», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.
Бұған дейін мектеп мұғалімі оқушының болашақ мамандығын таңдауына көмектесетін бот әзірлегенін жаздық.