Мектеп мұғалімі оқушының болашақ мамандығын таңдауына көмектесетін бот әзірледі

Бүгін, 21:05
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Мектеп мұғалімі оқушының болашақ мамандығын таңдауына көмектесетін бот әзірледі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінде педагог-кәсіби бағдар беруші болып қызмет атқаратын Назерке Жантаңатова «PROF-Guide» жобасын жасап шығарды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба оқушыларға мамандық таңдау бойынша нақты және жүйеленген ақпарат ұсынып, ата-ана – маман – оқушы арасындағы байланысты нығайтуды көздейді.

Онда кәсіби бағдарлау бойынша тесттер жиынтығы, мамандық таңдауға арналған кеңестер, бейіндік пәндерге сәйкес мамандықтар, Қазақстандағы ЖОО және колледждер, жаңа мамандықтар туралы нақты ақпараттар топтастырылған.

«Соңғы уақытта оқушылардың «Қай мамандықты таңдасам болады?», «Гранттар туралы ақпаратты қайдан тапсам болады?» деген сұрақтарды жиі қойып жүргенін байқадым. Мұндай сауалдар көбейген сайын кәсіби бағдар беру жұмысын жеңіл әрі қолжетімді ету қажеттілігі артты. Сол себепті оқушыларға нақты бағыт беретін «PROF-Guide» атты Telegram ботын жасадым», - дейді Назерке Жантаңатова.

Бұл – тек автоматты жүйе емес. Оқушылар мен ата-аналар өз сұрақтарын бот арқылы жолдап, жоба авторынан өз сұрақтарына жауап ала алады.

Бұған дейін Астанада мектеп оқушысы «Ақылды шлагбаум» ойлап тапқанын жаздық.