Қазақстанда жол жамылғысына қатысты ұлттық стандарттар әзірленді

Қазақстанда жол жамылғысына қатысты ұлттық стандарттар әзірленді
Фото: Көлік министрлігі

Автожол саласының нормативтік-техникалық базасын жаңғыртуда климат пен көлік жүктемесін ескере отырып жол жамылғысын жобалауға мүмкіндік беретін Superpave технологиясын енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты битумды тұтқыр материалдарды бағалаудың заманауи әдісін енгізуге бағытталған ұлттық стандарттарды әзірлеп жатыр.

Атап айтқанда, бұл стандарттар реологиялық сынақтарды қолдануды, оның ішінде динамикалық ығысу реометрін (DSR) пайдалануды көздейді. Бұл материалдардың төмен температурадағы жағдайын және жүктемелерін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді.

«Біз әзірлеген ұлттық стандарттар Қазақстанның климаттық ерекшелігі мен нақты көлік жүктемесін ескере отырып, асфальтобетон қоспаларын жобалаудың ғылыми негізделген тәсілін қалыптастырады. Бұл жазғы кезеңде жол жамылғысының ойылуына төзімділігін арттырып, қыста температуралық жарықтардың пайда болу тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» өкілдері.

Мұндай тәсілді енгізудің стратегиялық маңызы зор. Жол құрылымы қатты аяздан бастап жазғы жоғары температураға дейінгі, шамамен 100 °C-қа дейін жететін күрт ауытқу жағдайында пайдаланылады. Бұл материалдардың тез тозуына, оның көтеру қабілетінің төмендеуіне және жолды күтіп ұстауға кететін шығынның артуына әкеледі.

Superpave әдіснамасын, оның ішінде битумды тұтқыр материалдарды PG (Performance Grade) жүйесі бойынша жіктеуді енгізу осы факторларды жобалау кезеңінде ескеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жүктеме біркелкі бөлініп, жолдың қызмет ету мерзімі артады.

Қазіргі таңда Қазақстанда Superpave әдіснамасы бойынша алты ұлттық стандарт бекітілді, тағы үшеуі әзірленіп жатыр. Әзірлемелер халықаралық тәжірибені ескере отырып жүргізілді және ұлттық стандарттау жүйесін озық әлемдік тәжірибелерсімен үйлестіруге бағытталған.

2025 жылы республикалық және жергілікті жолдар желісінде пилоттық учаскелер төселді. Олардың қатарында «Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас», «Отар - Ұзынағаш», «Қапшағай – Күрті», «Қызылорда – Жезқазған» жобалары, Астана қаласындағы Е-51 көшесі, сондай-ақ «Астана – Щучинск» учаскесі бар. Аталған нысандарда зертханалық және далалық сынақ жүргізіліп, қолданылған шешімнің тиімділігі расталды.

Жаңа стандарт жобасымен Ұлттық стандарттау органы сайтының қоғамдық талқылау бөлімінде танысуға болады.