eGov 3.0 порталының жаңа нұсқасы іске қосылды
QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, ол мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыруға, артық талапты болдырмауға және инфрақұрылымға жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.
«eGov порталы да өзінің технологиялық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп келді. Осыған байланысты жақында QazTech платформасында әзірленген заманауи eGov 3.0 порталы іске қосылды. Қызметтер барынша оңай, пайдаланушы үшін ыңғайлы форматта жинақталды. Талаптар мен қадамдар саны азайды. Сұранысқа ие қызметтердің бір бөлігі жаңа форматта қолжетімді», - деді Жаслан Мәдиев.
Еске салсақ, Үкіметте Президенттің экономика мен қоғам өмірінің барлық саласын цифрлық трансформациялауды жеделдету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы талқыланып жатыр.