Қазақстанда былтыр 14,2 мыңнан астам шетелдік еңбек етті
2025 жылы жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 210 шетел азаматы еңбек еткен, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға бірінші санат бойынша (басшылар және олардың орынбасарлары) 397 рұқсат, екінші санат бойынша (бөлімше басшылары) 2 405 рұқсат берілді. Жұмыс күшінің басым бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Олар 4 008 және 1 467 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмысқа 3 556 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 377 адам тартылды.
Былтыр елімізде шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 816 жұмыс беруші тіркелді. Оларда 323,3 мыңнан астам Қазақстан азаматы еңбек етті.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыскерлердің ең көп саны мына салаларда шоғырланған: құрылыс саласында – 4 049 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 3 475 адам, тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеру саласында – 1 368 адам, өңдеу өнеркәсібінде – 1 297 адам.
Еңбек мигранттары келген негізгі елдер: Қытай – 6 090 адам,
Өзбекстан – 3 093 адам, Түркия – 1 000 адам, Үндістан – 677 адам болды.
Министрлік жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеп, бөледі. 2026 жылы жалпы квота 18,1 мың бірлік көлемінде белгіленді.
Еске сала кетсек, ЮНИСЕФ «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасының қабылданғанын құптады.