Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: Аналар жолы

Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: Аналар жолы
Фото: Камал Әлпейісованың жеке мұрағатынан

Дүниежүзі мемлекеттеріне бірлік формуласымен үлгі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблесының 30 жылдық есепті мерзімге арналған мерейлі жылы да өз мәресіне жетті.

ҚХА-ның белсенді құрылымдық бөлімшесінің бірі  – Аналар кеңесі.  Кеңес республика бойынша мерейлі жылға арналған  4357 іс-шара өткізді  (оның ішінде: • 560 дөңгелек үстел, • 1140 қоғамдық қабылдау және кездесу, • 793 мәдени-көпшілік іс-шара, • 248 семинар-тренинг, • 447 отырыс, • 590 қайырымдылық акциясы, • 275 конкурс, • 304 мастер-класс).

Бұл туралы мәліметтер легі жыл бойы ақпарат құралдарының барлық түрлерінен жіті таралып отырды. Негізі, бұл құрғақ сандардың арқасында Аналар кеңесінің үлкен, жүйелі жүмысы жатыр.

Біздің негізгі тұжырымдамамыз –  Ана мен бала бақыты – қоғамдық тұрақтылықтың негізі.  Себебі, толеранттылықты, айналадағы адамдармен мәдениетті қарым-қатынас орнатуды, отбасындағы ауызбіршілікті сақтауды,  сенімді  шешім қабылдауды тәрбиелеу ата-ананың міндеті. 

Осы орайда, 2025 жылғы 15-16 мамыр күндері Ақтау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар  кеңесінің кеңейтілген отырысы   халықаралық  деңгейде «Ана. Қоғам. Болашақ»  тақырыбында  өткізілді.  Форумға Әзірбайжан, Қырғызстан,  Өзбекстан, Түркия елдерінен шақырылған қатысушылар ҚХА Аналар кеңесінің жинақталған тәжірибесімен танысып, өзара ынтымақтастық орнатты. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүргізіліп жатқан «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы, аналарға берілетін «Ел анасы», «Аялы алақан» атақтары, заман дерті – 5 кеселге қарсы күрес жүргізуге орай қоғам мен билікті жұмылдырған біздің «Салауатты сана» жобамыз қонақтарды таң қалдырды. Қай елдің өкілі сөйлесе де  «біздің де мұндай атаққа лайықты аналарымыз бар, мұндай кеселдер бізде де тарап барады» деп, оны еңсеру  бойынша жүргізіліп жатқан жұмыста қазақстандық аналардан үлгі алуға әзір екендіктерін айтып жатты. 

Сол жиында көтерілген мәселелерді саралай сөйлеген  Түркі мемлекетінің Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Альптекин «түркі халықтарының тамыры бір, мәдениеті ортақ, тілі ұқсас.   Бабаларымыз «атажұрт» деп қастерлеген елден  үйренеріміз көп. Түркі әлемін іштей жақындастыра түсетін бастамалар мен жобалар  керек, соның ішінде, ұрпақтарымыздың ауызбіршілігін арттыру үшін  аналар ұйымдарының басын біріктіру, халықаралық деңгейде ортақ ұйым құру маңызды» деп атап өткен болатын.  

Ассамблеяның 30 жылдық мерей ойының нәтижесі ретінде 18-19 қараша күндері Анкара қаласында, ТЮРКСОЙ  алаңында, түркі әлемінің аналары халықаралық ұйымын құру туралы ұсыныс көтеріліп, талқыланды.

Бұл Қазақстанның Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі халықаралық ұйымында қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжатына сәйкес  бекітілген салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз басымдықты іске асыруға бағытталған іс-шаралардың бірі. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет», - деген. Ал, ұрпақтың басын біріктіру жұмысы – аналардың негізгі мақсаты.

Бүгінгі дүрбелең геосаси жағдайда түркі елдерінің арасындағы терең тамырластық пен өзара ауызбіршілігін нығайтуда  аналардың атқаратын рөлі орасан. Оның ішінде, жүзден астам ұлыстың басын біріктіріп отырған біздің елдің, Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында жүргізіліп жатқан толеранттылық тәрбиесінің негізі отбасында қаланып, ананың жауапкершілігі арқылы жүзеге асатыны да әлемге үлгі болар жетістік.

Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов космостан оралғанда, «Космостан қарағанда біздің планетамыз кіп-кішкентай доп сияқты. Ол биіктіктен мемлекеттер арасындағы шекара көрінбейді. Сондықтан, адамзат Жер планетасын көзінің қарашығындай сақтау керек» деген болатын.

Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) да мақсаттарында - түркі тілінде сөйлейтін халықтар мен елдердің арасында достық қатынастар құрып, ортақ түркі мәдениетін, тілін, тарихын, өнерін, әдет-дәстүрлерін зерттеп, жалпыға жария ету, дамыту, сақтау, болашақ ұрпақтарға мұра ету, баянды қылу деген қаңидаттар бар.

ТҮРКСОЙдың Бас хатшы Сұлтан РАЕВ мырза да Қазақстан халқы Ассамблеясының достық елшісі ретінде бұл ұйымның құрылуы түркі тілдес елдердің мәдениеттері арқылы ықпалдасуына оң әсер етеді деген ойда.

 Себебі, ұлттың тарихын, ана тілін, әдебиетін, мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін сақтаушы да, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші де  - АНА.

Сондықтан, түркі әлемінің аналары халықаралық ұйымын құру, тілі бір, діні бір ұлттардың мәдениетін аналар арқылы, АНА образы арқылы дәріптеу – ұрпақтарымыздың уызбіршілігіне негіз болады деп сенемін.

Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасының тағы бір өзекті бағыты тұрмыстық зорлық-зомбылық. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан, жасанды интеллектіні бағындырған қоғамда әлі күнге дейін әлімжеттілік, зорлық, зомбылықтың болуының өзі түсініксіз құбылыс. Білім қашанда рухани өсуге негіз болатын, мәдениетті болудың алғышарты, қоғамдық сананы қалыптастырушы құрал. Дегенмен, біздің қоғамда бұл мәселелер өзекті, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіруші ретінде Ассамблея жұмысының бір бағыты.  2025 жылғы 19-20 маусым күндері, Алматы облысы Қонаев қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы жоспарына сәйкес  Республикалық Аналар кеңесінің «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың  алдын-алудағы Аналар кеңесінің рөлі» тақырыбындағы  кеңейтілген отырысы өтті. 

Семинар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық  бойынша республикадағы және Алматы облысындағы ахуал талқыланып, аталған мәселелердің алдын-алу бойынша  ұсыныстар қабылданды, қоғамдағы құқықтық мәдениетті және толеранттылықты отбасынан тәрбиелеуді қалыптастыру мақсатында  Алматы облысы бойынша «Зорлық-зомбылықсыз өңір» жобасы қолға алнып, іске асырылуда.

Айта кететін жай, облыс әкімдері тарапынан Аналар кеңесінің жұмысына деген сенім нық, кеңестің оң потенциалын жіті қолданып отыр деуге болады. Бұған дәлел ретінде 20 маусым күнгі Алматы облысының әкімі М.Е. Сұлтанғазиевпен кездесуді атап өтуге болады. Халқына жақын әкім балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз және сапалы өсуіне қолайлы жағдай жасау, отбасы құндылықтарын нығайту және аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту бойынша барлық   ұсыныстарымызды тыңдап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

Осының барлығы, Мемлекет басшысының  «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету тапсырмасына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан атқарылып жатқан істер. 

2025 жылғы 18-20 қыркүйек аралығында Қарағанды қаласында ҚХА Аналар кеңесінің «Нашақорлық – тұрақтылыққа қатер (тұлғаға, қоғамға, мемлекетке» тақырыбындағы республикалық семинары өтті. 

Семинар жұмысына прокуратураның, ішкі істер, денсаулық, ағарту министрліктерінің және көтеріліп отырған мәселеге мүдделі мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Республикалық семинар барысында қатысушылар К.С.Станиславский ат. Қарағанды мемлекеттік орыс театрының сотталған әйелдердің тағдыры туралы «7» спектакліне қатысып, Қарағанды медициналық университетінің психология және наркология бағыты бойынша мамандарды даярлау барысымен,  ІІМ-ң Б.Бейсенов ат. Қарағанды академиясының нашақорлықтың алдын алу бойынша және Қарағанды облысы полиция департаментінің жанындағы Отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, семинар  барысында  Қарағанды облысы Жастар ресурстық орталығының жанынан Нашақорлыққа қарсы жұмыс фронт-офисының ашылды. 

Республикалық семинарда көтерілген мәселелердің қорытындысы бойынша Қарағанды облысының әкімі Е.Қ. Бөлекпаевтың шешімімен «2026-2029 жылдарға арналған нашақорлыққа қарсы іс-қимыл» жол картасы әзірленді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жүргізу бойынша  қоғамдық мониторингті енгізу, оперативтік алдын-алу шараларын жүргізуге бағытталған Аналар кеңесінің «Жасыл сертификат» жобасының тиімділігін айта отырып,  қоғамды дәріханалық нашақорлықтың қаупі және дәрілерді дұрыс пайдалану ережелері туралы хабардар ету  жұмыстарына медицина және фармацевтика қызметкерлерін тарту;  дәрілік заттардың айналымын реттейтін заңнама нормаларын қазіргі заманның сын-қатерлеріне сәйкес қайта қарау және қатайту туралы ұсыныстар енгізді.

Иә, қоғамдағы есірткі мәселесін бірден шешу мүмкін емес.  Бұл жұмыс жалпыхалықтық сипатқа ие болуы тиіс. Тек мемлекет, қоғам және отбасының бірлескен күш-жігерімен ғана еліміздің болашағын нашақорлық қауіпінен қорғай аламыз.

Осы жерде айта кететін бір жай – Аналар кеңестерінің мүшелері ІІМ-ң барлық деңгейдегі Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс топтарына мүшелікке енгізілген.

Қарағандыдағы семинарға қатысқан Көкшетау қалалық  «Образ» әлеуметтік форум театрының басшысы Г.К. Оразбаева мектептерде әлеуметтік театрларды құрып, оларды  тәуелділікке қарсы құрал ретінде пайдаланудың нәтижелері туралы айтты. Әлеуметтік театрлар бойынша тапсырма 2012 жылғы 21 қазан күні өткен ҚХА-ң Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңейтілген Кеңестің шешімі болатын. Осы мерзім аралығында мектеп жанынан театрлар кұрып, жұмыс жүргізу республика бойынша жүйеленіп келеді. Есепті жыл ішінде Аналар кеңесі Алматы қ., А.Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназиясында (отбасындағы өзара қарым-қатынастың болмауына байланысты баланың есірткі тасымалдаушылар қатарында сотталып кетуі); Қосшы қаласындағы «ДАРА» мектебінің «РУХ» театры (әке тақырыбына арналған «КЕШ»),т.б. қойылымдар ата-аналар жиналыстарында қойылып, отбасын қолдау шаралары ретінде мойындалды.

Қазіргі таңда Аналар кеңесі  Ә.Мәмбетов ат. Комедия және драма театры, «Үйде» креатив тобымен бірлескен “Мобильді театр мектептерде” жобасын қолға алды. Астана қ. Білім басқармасының қолдауымен бастауыш сыныптарға «Мықтыбек» (өзін-өзі тануға арүалған), орта буынға балаларына «Өнер мектебі» (буллингтың алдын-алуға арналған) және жоғары сынып оқушылары мен ата-агаларға арналған «Таңдау» (есірткі тәуелділігі алдын-алуға арналған) спектакльдері Астана қ. мектептерінде қойылуда. Әр спектакль соңында Аналар кеңесінің «Қауіпсіздік сағаты» жобасы аясында балалар мен ата-аналардың бірлескен талқылауы жүргізіледі. Кездесулер барысында  ІІМ-ң нашақорлықтың  алдын-алуға бағытталған «Наркотесттен өз еркімен өту» жобасын түсіндіру;   тәуелділіктен арылған адамдарды шақыру жақсы нәтиже беріп отыр.

Аналар кеңесі ҚР Ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы департаментімен, Ы. Алтынсарин ат. Ұлттық білім  академиясымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

ҚР Президентінің Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына орай  дайындалғн «Қазақстан балалары» атты тұжырымдамасын, «Балаларды репродуктивтік денсаулық туралы ақпараттандыру (жыныстық жетілу, аурулардың алдын алу, коммуникативтік дағдыларды дамыту және жеке шекараларды құрметтеу, өмірлік дағдыларды қалыптастыру тәсілдеріне негізделген, жасқа бейімделген, ғылыми негізделген білім беру бағдарламасын әзірлеу  ведомствоаралық сараптама тобы)әзірлеу жұмыс топтарында белсенді жұмыс атқарудамыз. Мысалы, біз «Ата-аналар академиясы» диалог алаңы, «Мектепке дейінгі білім беруде инклюзивтілікті дамыту» сессиясы, «Қазақстандағы әрбір бала үшін тең мүмкіндік» семинары, «Адал азамат – ұлт келбеті» дөңгелек үстелі сияқты іс-шаралардың белсенді қатысушысымыз. Мысалы, 15 тамыз күні өткен «Балалар арасындағы лудоманияның алдын алу және бақылау» семинары нәтижесінде  Ағарту министрлігіне келесі ұсыныстарды бердік:

1) халықаралық тәжірибені ескере отырып, цифрлық қауіпсіздік және ойынға тәуелділіктің профилактикасы бойынша модульдерді мектеп бағдарламаларына енгізуге;

2) лудоманияны ерте анықтау және алдын алу мәселелері бойынша мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтарды қайта даярлауды ұйымдастыруға;

3) құмар ойындарға бейім балаларды анықтау бойынша тесттер әзірлеу;

4) құмар ойындарға бейім балалардың ата-аналары үшін құмар ойындардың алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеу;

5) салауатты мүдделерді қалыптастыру үшін жағдай жасау, балалар мен жасөспірімдерде тәуелділіксіз қуаныш әкелетін хоббиларды дамыту: спорт, өнер, еріктілік, үстел ойындары; құмар ойындарға балама ретінде мектеп клубтарын, үйірмелер мен секцияларды қолдау;

6) кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейту;

7) психологтармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп Ата-аналармен тұрақты ақпараттық кездесулер тәжірибесін енгізу.

Мектеп жүйесіне байланысты тағы бір өзекті мәселе – буллинг. Бұл тақырыпта Аналар кеңесі  көп жағдайда медиаторлар ретінде қатысады.

Мысалы, Астаналық мектептің 3 сынып оқушысы - қыз баласына сыныптың бір топ лидер қыздары буллинг жасаған. Бұл созылмалы сипат алған соң жәбірленуші қыздың анасы полицияға, прокуратураға арыз дейін жазған. 

Біздің қатысуымызбен жәбірленуші баланың анасы  Бас прокуратураға жазылған арыздан анасы бас тартып, ата-аналар балаларымен бірге киноға, т.б. мәдени орындарға баруға өзара келісті. Кейін анасы алғысын білдіріп жазған смс-хатында өзімен де жұмыс жасайтындығы туралы айтып өткен. Бұл сияқты кейстер республика бойынша өте көп.

Аналар кеңесі қашанда билік пен қоғамның, бала мен ата-ананың арасындағы «алтын көпір». Біз мемлекет тұрақтылығының негізі – бақытты отбасы деп санаймыз. Сол отбасын сақтауда ананың рөлі ерекше. Дана халқымыздың «Бір ананы тәрбиелеп шығу, бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген сөз бар. Осы бағытта Ассамблеяның  тағы бір игілікті ісі – «Ана үйі» жүйесін қолдау.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени орталықтарының, Аналар кеңестерінің қатысуымен «Ана үйі» тұрғындарына  кең ауқымды қайырымдылық, тәрбиелік және мәдени іс-шаралар өткізіледі. Бұл шаралардың мақсаты – қиын жағдайға тап болған аналар мен балаларға моральдық әрі материалдық қолдау көрсету, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды нығайту. Адасқандарды табыстыру, қателескендерді жөнге салу, білмегендерін білдіру, әлеуметтендіру мәселелеріне бағытталған Ассамблея аналарының  «АЙНАЛАЙЫН» жобасы  қиын жағдайға түскен аналарға «Отбасы ағашы» арқылы әр бала өз шежіресін, ата дәстүрін (қай этнос өкілі болса да) білуі қажет  екендігін, бала өміріне ананың жауапкершілігін түсіндіреді.  Ең үлкен жауапкершілік – бүгінгі нәрестені ертеңгі адал азамат болатындай тәрбие беру ғой.

Осы бағытта  Аналар кеңесі  2022 жылдан бері ҚР ІІМ-ң Ұлттық Ұлан әскери құрылымдарымен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Биылғы жылы 11-12 тамыз күндері Петропавл қаласындағы Жоғары әскери академия базасында Ұлттық Ұланға қарасты 44 әскери бөлім басшыларының саяси жұмыс бойынша орынбасарларына біліктілік арттыру курстарын өткізіп, жалпы Ассамблеяның мақсаттары мен қызметі туралы, сонымен қатар суицид, ойынқұмарлық, нашақорлық мәселелері бойынша тренингтер өткізілді. Бүгінгі таңда бұл жұмыс ҚР Қорғаныс министрілігімен жалғасуда.

Аналар кеңесінің мүшелері биылғы жылы алғашқы рет ҚХА-ң «Шаңырақ» кафедралар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Ана – ұлттың ұйыстырушысы» тақырыбында толеранттылықты тәрбиелеудегі аналардың рөліне арналған біліктілікті арттыру семинары өтті. Ерікті ретінде белсенді жұмыс істеп жүрген аналарымыз үшін бұл семинар көптеген сұрақтарына жауап алу мүмкіндігі болды.

Сонымен қатар, өңірлердегі атқарылып орасан жұмысты айтпауға болмайды. Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының аудан, ауылдық округтарға дейін  Аналар кеңестерінің жұмысы жүйеленген, нәтижелері қуантарлық. Оның ішінде Атырау облысының Құрманғазы, Маханбет аудандары, Ақмола облысының Целиноград ауданы, Алматы облысының Кеген ауданы, Жетісу облысының Алакөл ауданы, Павлодар облысының Павлодар ауданының отантану, азамат тәрбиелеу, отбасын қолдау жұмыстарын үлгі ретінде тарату қажет деп санаймын.

Сонымен қатар,   біздің қатарымызда республикалық этномідени бірлестіктердің жанынан құрылған 15 Аналар кеңесі  («Наири» ҚР армян мәдени орталықтарының Қауымдастығы» ЗТБ, «Дустлик» «Қазақстан Республикасы өзбектер этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы», «Вайнах» Қазақстан шешендері мен ингуштары Қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан күрдтерінің «БАРБАНГ» РҚБ, «Қазақстан татарлары мен башқұрттар конгресі» ЗТБ, «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» РҚБ, «Родни кут» ҚР Беларусь орталықтары қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан қырғыздар Қауымдастығы» ЗТБ, «Әзербайжандар қауымдастығы» РҚБ, «Қазақстанның Орыс, славян және казак ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан украйндарының радасы» ЗТБ, «Жетісу казактарының одағы» РҚБ, «Мицва Қауымдастығы» ЗТБ, «Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы» РҚБ) бар.  Елімізге адал азамат  тәрбиелу – барша қазақстандық аналардың мақсаты. Сол мақсатты орындауда біз атқаратын істер алда.

Ассамблеяның 30 жылдығы бізге жеткен жерімізді көрсетіп, алдағы міндеттерімізді айқындап берді.  Біз, аналар, қашанда саналы қоғамды қалыптастыру жұмысына дайынбыз.